«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Отандық екпе егілуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде вакциналау шара­лары белсенді жүргізілуде. Жақында облысымызға отандық “QazVac” вакцинасы жеткізіл­ді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

– Ресейлік “Спутник-V” вакцинасы сияқты отандық “QazVac” вакцинасы да екі компоненттен тұрады. Бұл вакцина тестілеу мен барлық тексерулерден өтті. Ел аумағында отандық екпені қолдануға болады. Бүгінгі таңда отандық екпені 463 өңір тұрғыны салдырды. Қазір олардың барлығы медициналық мамандардың бақылауында. Қазақстандық вакцинадан кейін ешқандай асқынулар болған жоқ. Олар екпенің екінші компонентін 21 күннен соң алады, – дей келе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов тұрғындар отандық вакцинамен қатар, ресейлік “Спутник-V” вакцинасын да сал­дырып жатқанын, жалпы, өңірге 65200 доза ресейлік, 2 мың доза қазақстандық екпе жеткізілгенін айтты. Соның ішінде 24705 адам екпенің алғашқы компонентін алды. Мамандар вакцинадан кейін адамда дене қызуының көтерілуі, өзін жайсыз сезіну қалыпты жағдай екенін айтуда.

Брифинг барысында Құмар Күсемісов екпеден қорқуға еш негіз жоқ екенін айта келе, қауіпті аурудың алдын алу үшін тұрғындарды вакциналау шараларына белсенді қатысуға шақырды. Өйткені, облыста қауіпті инфекция жұқтырған науқастар анықталуда. Мәселен, сәуірдің 27-сі күні өңірімізде 29 адамның инфекцияға шалдыққаны белгілі болды. Соның ішінде 21 науқаста ауру белгісі бар. Бірқатар аудандарда бірер науқастан тіркелсе, Петропавл қаласында көрсеткіш жоғары. Өңір бойынша полимеразды тізбекті реакция әдісімен 321989 зерттеу жүргізілсе, өткен тәулікте 846 сынама алынды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp