«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ҚАТЕНІҢ КЕСІРІ немесе жауынгердің беймәлім жорық жолдары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әкемнің соғыстан оралмаған ағасы Қасым Аяғанов жайлы жиі еске алып отырамыз. Бірақ қолдағы дерек мардымсыз. Қай жылы дүниеге келгені нақтыланбаған. 1898 және 1902 жыл деген қосарланған цифрлардың қайсысына сенеріңді білмейсің. Майданға аттанғанда артында аман-есен оралуын тілеп 80-нен асқан әкесі, кәрі анасы, 9-ға және 5-ке келген қыздары мен жөргектегі ұлы Сәлем қалған. Үлкен қызы Сусардың айтуы бойынша, әкесін күздің қара суығында “Балқай шоқ” пен “Тетен шоқ” арасына тоқтаған әскери “полуторка” машинамен алып кеткен. “Барлығымыз жылап қала бердік”, – деуші еді марқұм тәтем.

Соғыс алдында Ақтас ауылында 15-20 отбасы тұрған. 58 адам соғысқа аттанған. Араларында “еңбек армиясына” алынғандар да бар. Олардан туған жер төсіне оралғандары – 16 адам ғана. Мұндай жағдай кез келген ауыл мен селоға тән көрініс еді. Өйткені, И.Сталин басқарған Кеңес одағының басшылары Екінші дүниежүзілік соғысқа мүлдем дайындалмағанын алғашқы шайқастар анық байқатты. Қолына қару ұстауға жарайтын еркек кіндіктілерді жаппай әкете берген. Ленин аудандық (қазіргі Есіл ауданы) әскери комиссариат 17 жастағы менің әкем Ғелман Аяғанов, Шыңғыс Нұрмағамбетов, Батырбай Аяпбергенов үшеуін 1942 жылы әскер қатарына шақыртады. Алланың мейірімі түсті ме екен, Шыңғыс ағамызды әскери қарауылға, менің әкемді Чита жағына “резервке” жібереді. Резерв – Жапонияға қарсы соғысқа тас-түйін дайындалған армия. Ол жақтан әкем 1947 жылдың аяғында қайтып келді.

Әкеміз де, басқа туыстарымыз да Қасым атамызды жиі еске алып, тым болмаса туған жерден бір уыс топырақ та бұйырмады-ау деп қатты қамығатын. “Сүйегі қайда қалды екен?” – деп жылап та алатын. Қасым атамыз орысшаға шорқақ болғанымен, төте жазуды білген көрінеді. Алайда, бірде-бір хат келмеген. Бір қызығы, қанды қырғыннан аман оралған туысымыз Мәкен Бейсенов Қасымды Сталинград майданында көргенін айтып отыратын. “Інілерім Хамитке, қарындастарыма көз қырыңды сала жүр”, – деп аманаттапты. Соған қарағанда тірі оралмайтынын іші сезген сияқты.

Мен әскери борышымды 1973-1975 жылдары Украина мен Молдавия жерінде өтедім. Ол жақтарда соғыстың іздері – траншея, блиндаж, окоптар көп кездеседі. Соларға қарап, атамыз осы өңірде соғыспады ма екен деген ой келетін. Тарих факультетін тамамдаған соң, соғыс тақырыбын жете зерттеумен айналыса бастадым. Ағам Сәлем екеуміз атамызды іздеп, хат жазбаған жеріміз қалмады. Мұндай фамилия жоқ деп қысқа ғана жауап қайыратын. Кейін Ресей Қорғаныс министрлігінің сайтынан Аяғанов (Касим, Касен) деген бес жауынгердің аты-жөнін кездестірдім. Тек біреуінің тұсына 1944 жылы хабар-ошарсыз жоғалды деп жазылыпты. Ал атамызды жолықтырған адам Сталинград маңайында көргенін айтады. Бұл шайқас 1943 жылы ақпан айында аяқталғаны белгілі. Қайтадан архивтерге жүгінуге тура келді. Бұл орайда, Қазақстан Президенті архивінің қызметкерлері, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова қарындасымыздың көп жәрдем жасағанын айта кеткім келеді. Тұтқындар арасынан да іздестірдік. Осы аралықта Ұлы Отан соғысы туралы бірнеше кітап шығардым. Солардың бірі – “Қазақ тұтқыны” деген атпен жарық көрген қызылордалық жауынгер Сүлеймен Бекенов ағамыздың естелігі. Мемлекет тарихы институты ғалымдарымен бірлесіп, “Абырой мен парыз” атты монография 2015 жылы басылып шықты. Онда Қазақстанда құрылған ірі әскери құрамалардың жорық жолдары баяндалған. 2008 жылы редакциялық алқа әзірлеген “Ақтас деген ауыл бар” деп аталатын кітаптың “Ақтас ауылы Ұлы Отан соғысы жылдарында” деген үшінші тарауы соғыс тақырыбына арналды. “Қазақ энциклопедиясы” шығарған “Боздақтар” мен жергілікті өлкетанушы М.Ключеровтың кітаптарынан байқағаным, соғысқа аттанған жауынгерлердің көбі “пропал без вестиге” жатқызылатын. Және ол тізім толық емес екені байқалатын.

Жылдар бойы іздеген құжат жақында, яғни 2021 жылдың наурыз айында қолыма түсті. Онда мынадай анықтама беріліпті: “Красноармеец Аляганов Касим пропал без вести, ранен 15.01 1945 г., умер от ран 10.02.1945г. Извещение отправлено 14.02.45 г., похоронен в Венгрии г.Хатван, военное кладбиище n.10”. “Аяганов” дегеннің орнына “Аляганов” деп қате жазып жіберген. Қалған мәліметтер – туған жері, әйелінің аты (Бикамал), “Тунгуюкский сельсовет” – бәрі дұрыс! Туған жылы 1892 жыл деп көрсетілген. Ленин аудандық әскери комиссариатынан 1943 жылы шақырылған. Шамасы штабтағылар “л” әрпін қосып, шатастырып жіберсе керек. 1944 жылғы “пропал без вести” деген тізімде де жүр. Онда да грамматикалық қателер (к-з Дактас, Аляганов Касим, Пикамоль) аз емес. Атамыз 1945 жылы Венгрияда артиллерия полкі құрамында болғаны анықталды. 15 қаңтарда оқ тиіп, 10 ақпанда жарақаттан көз жұмған. Бауырластар зиратына жерленген.

Менің зерделеуімше, ол Петропавл қаласында жасақталған №314-дивизия құрамына ілікпеген тәрізді. Себебі, осы дивизияда болған жауынгерлердің көбі Ленинград түбіндегі шайқаста қаза тапқан. Яғни, атамыз басқа әскери бөлімшеге түскен деген болжам қисынға келеді. Бұған Қасым атамызды жерлестері 1942-1943 жылдары қыста Сталинград түбінде көргенін қоссақ, пікіріміз айқындала түседі. Қоршауға түскенімен, тұтқында болмаған. Әйтпесе, 1947 жылы оның отбасына “пособие” берілмес еді. Әрине, жеке жауынгерлік парақшасы немесе госпитальдағы қағаздары табылғанда біраз жайтқа қанығар едік. Осыған да шүкіршілік етіп, ақ түйенің қарны жарылғандай қуандық. КСРО ыдырағаннан кейін Германияға, Польшаға, Венгрияға талай рет жолым түсті. Бірақ атамыздың жатқан жері осы жақ болар деген ой келмепті.

Қасым атамыздан тараған немере, шөбере, жиендер баршылық. Олар – Қасымов, Төлешев деген фамилиямен танымал. Араларында инженер, дәрігер, ғалым да бар. Туған жиен немересі Гүлгүл Төлешова – журналист. Амандық – математика ғылымдарының докторы, инженерлік академияның мүше-корреспонденті. Арман Мәскеу энергетикалық институтын тамамдап, абыройлы еңбек етіп жүр. Бейбіт – отставкадағы полковник. Анархан Ұлттық банкте жауапты қызмет атқарады. Қасымнан қалған жалғыз тұяқ – Сәлем 82 жаста. Мені бір қинайтыны – Кеңес өкіметі архивтерінің бертінге дейін жабық, құпия түрде ұсталуы, ақпараттың жасырылуы. И.Сталин бұл алапат соғыста 6 миллион адамнан айырылдық десе, Н.Хрущев АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауермен кездескенде 12 миллион деген цифрды атаған. 1975 жылы Жеңістің 30 жылдығы тойланған кезде Л.Брежнев 20 миллион деген дерек айтқан. 1991 жылғы КСРО Қорғаныс министрлігінің ресми ақпараты бойынша 28 млн. 600 мыңдай адамнан айырылған екенбіз.

Соғыстан елге аман келген Әміржан Аманжолов, Қаратай Әблин, Секен Айсин, Мәкен аталарды өз көзімізбен көрдік. Олар осы жерде мәңгілік тыныстап жатыр. Олардың аттары ауыл тарихына алтын әріппен қашап жазылған. Қызыләскер Қасым Аяғанов та – сондай ұмытылмас ел азаматтарының бірі. Оның жерленген жері – Хатван қаласын интернет арқылы тауып алдым. Онда қаза тапқан қызыләскер зираты бар екен. Атамыздың зиратына туған жерден бір уыс топырақ ала барып, тәу ету, Құран бағыштау ұрпақтарының міндеті.

Бүркітбай АЯҒАН,

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp