«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мақсат – сайлаушылар үмітін ақтау

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Парламент Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттар сайлау ел өміріндегі ең елеулі оқиғалардың бірі болды. Сайлаушылар өз таңдауларын жасап, мәслихаттар сайлауы тұңғыш рет партиялық тізім бойынша ұйымдастырылды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның мәслихатына “Nur Otan”, “Ауыл” және “Адал” демократиялық партияларынан 12 депутат сайланды. Аудандық Мәдениет үйінің директоры Наталья Синдякина екеумізден басқа депутаттық корпус түгелдей жаңарып, қолынан іс келетін азаматтар келді.

Сайлаушылар атынан мандат алып, халық қалаулылары деген мәртебелі атқа ие болған жетінші шақырылымдағы аудандық мәслихат депутаттары бірінші күннен бастап қоғамдық жұмыстарға бел шеше кірісіп, өзекті проблемалардың түйінін тарқатуды басты назарға алды. 15 қаңтарда бірінші сессия өткізіліп, аудандық мәслихат хатшысы міндетін атқару маған екінші рет сеніп тапсырылды. Бүгінге дейін мәслихаттың үш сессиясы өткізіліп, 42 мәселе талқыланды.13 нормативтік акт қабылданды. Олардың арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне баға мониторингін жасау, коронавирустық індеттің алдын алу, таралуына жол бермеу, тұрғындардың өтініш-тілектеріне дер кезінде құлақ асу, партияның жобалары мен қайырымдылық акцияларына үзбей қатысуы, тағы басқа өзекті мәселелер бар.

2020 жыл елімізге өз қиындықтарын ала келгені бәрімізге мәлім. Пандемияның ауыр зардаптары денсаулыққа да, негізгі өндірістік салаларға да айтарлықтай ауыр әсер етті. Осы күрделі кезең алдымызға ауданның тұрақты экономикалық дамуын, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру міндеттерін қойды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында мәслихаттардың өкілеттік қызметін кеңейтуді тапсырған болатын. “Осы орайда мәслихаттарға өңірді дамыту және ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жергілікті түйткілді мәселелерді шешу үшін қол жинау және петиция жинау құзыретін беруге болады деп ойлаймын”, – деп атап көрсетті. Халық қалаулыларының өзара пікірталасы, олардың қоғамдық-саяси келбеті жұртшылық үшін қол жетпес құпия болмауға тиістілігін де баса айтқан. Шынында да, қазіргі таңда азаматтық сектор белсенділігінің артуын ескере отырып, халықты шешімдер қабылдауға тарту қажет-ақ. Аудан қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейту, тексеру комиссияларының жұмысын ширату керек. Бұл тұрғыдан алғанда, жинақталған іс-тәжірибелер баршылық. Жаңадан сайланған депутаттарымыздың қай-қайсысы болсын өз жұмыстарын атқарушы органдармен үйлестіре отырып, өткір мәселелерге алдымен назар аударады. Биыл әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын қаржыландыру едәуір ұлғайып, тиісінше әлеуметтік-мәдени мақсаттағы ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жақсаратын болады. Жолдарды жөндеуге, көшелерді жарықтандыруға басымдық беріледі. Осындай жүйелі іс-шаралар нәтижесінде бюджет қаражатын үнемді пайдалануға, депутаттық бақылауды күшейтуге алғышарттар жасалары күмәнсіз.

Аудан әкімінің соңғы бес жылдағы есебі барысында депутаттар тарапынан 35 мәселе көтеріліп, ұсыныстар негізінде аудан бюджетінің кіріс бөлігіне өзгерістер енгізілген болатын. Соңғы бес жылда аудан бюджеті айтарлықтай ұлғайды. 2016 жылы бюджет 4,2 млрд. теңгені құраса, 2020 жылы 14 млрд. теңгеге жуықтады. Алдағы сессиялардың біріне бюджеттің сапалы орындалу жайын талқылауды күн тәртібіне енгіздік. Саяси саладағы рефомалардың бірі – биылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу. Бұл бастама “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” құру жолындағы қарышты қадам болып саналады. Мұндай жаңғырту жүйесінен депутаттар корпусы шет қала алмайды. Биыл үш ауыл әкімінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуы билік пен қоғам арасында тұрақты диалогты қалыптастырары анық.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасына орай ауданда құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалайтын мәслихат депутаттарының, “Nur Otan” партиясы белсенділерінің, еңбек ардагерлерінің арнайы мониторингтік топтары құрылғанын айта кеткен жөн. “Құтты мекен” партиялық жобасы аясында атқарылатын жұмыстар саналуан. “Nur Otan” партиясының аудандық филиалымен және кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігіне талдау жүргізіледі. Дәріханалардағы медициналық препараттардың бағасы, карантинге дайындық шаралары үзбей тексеріледі. Депутаттық корпус жұмысының бір бөлігі – қайырымдылық қызмет бағытындағы түрді акцияларға қолдау жасау. Наурыз мейрамында, қарттар айлығында ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне материалдық көмек беру, қайырымдылық сенбіліктерін өткізудің ешбірінен шет қалған емеспіз. Қолы ашық, жаны жомарт халық қалаулылары көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге де қол ұшын беруге әзір.

Ерлан ӘДІЛБЕКОВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық мәслихаттың хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp