«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОШТА ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Қазпошта” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қанат Алпысбаевпен кездесіп, меморандумға қол қойды. Екі тарап алдағы жұмысты талқылап, ортақ міндеттерді белгіледі.

– Пошта байланысы еліміз үшін өте маңызды. Бүгінгі кездесуіміз де осы саланы дамытуға арналып отыр. Меморандум халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды көздейді. Соның негізінде шалғай ауыл тұрғындары үшін мемлекеттік қызмет қолжетімді болады. Сондықтан алда бізді үлкен жұмыс күтуде, – дей келе өңір басшысы Құмар Ақсақалов бүгінде пошта қызметі алға басып, оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырғанын айтты.

Қазір облыста 167 пошта бөлімшесі бар. Соның 139-ы автоматтандырылған. Жалпы, пошта байланысында 1304 адам еңбек етеді. Автоматтандырылған бөлімшелер арқылы тұрғындар онлайн режімде қызметтердің көптеген түрін алуда. Зейнетақы, жалақы, жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерге қол жеткізіп, ел аумағы мен шетелге ақша аударымдарын жасауда. Қазір әлемде интернет сауданың дәурені жүріп тұр. Пошта байланысы арқылы адамдар әлемнің әр түкпірінен кез келген тауарға қол жеткізе алады.

Құмар Іргебайұлының айтуынша, алдағы уақытта өңірдегі пошта бөлімшелері толық автоматтандырылады. Бұл тұрғындарға мемлекеттік қызметтің сан алуан түрін алуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде “Қазпошта” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев халыққа қызмет көрсету орталықтары жоқ елді мекен тұрғындарын пошта байланысы арқылы қала деңгейінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз ету көзделіп отырғанын жеткізді.

– Сонымен қатар облыста тарату орталығын ашу ойда бар. Электронды сауда нарығы қарқынды дамып отырған қазіргі уақытта тұрғындар үшін бұл тиімді болары сөзсіз, – деді Қанат Қалиұлы. Оның сөзін құптаған Құмар Ақсақалов Қазақстан аумағына Еуропа мен Қиыр Шығыстан жеткізілетін жүктің 70 пайызы Петропавл торабы арқылы өтетінін, Транссібір магистралі мен Оңтүстік-Орал темір жолы логистиканы қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу соңында облыс әкімдігі мен “Қазпошта” акционерлік қоғамы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp