«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазірден қамданған жөн

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде 2020-2021 жылғы жылыту маусымы аяқталды. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында энергетиктердің атқарған жұмыстарының қорытындысы шығарылып, жауапты мекеме басшысы есеп берді. Алдағы қысқа әзірлік жайы да сөз болды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіров жылыту маусымының қорытындысын баяндады. Облыс аумағындағы 580 қазандық жоспарға сәйкес жұмыс істеген. Айыртау, Қызылжар және Тимирязев аудандарындағы көпқабатты үйлердің тұрғындарынан жылу қазандықтарына қатысты шағымдар түскен. Барлық кемшіліктер дер кезінде түзелді.

– Облыста биомассамен жағылатын қазандықтарды орнату жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінгі таңда өңір бойынша биоқазандықтарға 798 бюджеттік мекеме қосылған. Аталмыш ұйымдар 30 мың тоннадан астам көмірді үнемдеді. Бұл жұмыстар облыс орталығында ғана емес, аудандарда да белсенді жүргізілуде. Айыртау, Ақжар, Есіл және Шал ақын аудандарында биоқазандықтар орнатылып, жергілікті тұрғындар игілігін көре бастады. Жалпы былтыр 5 ауданда екі мың адам тұратын 57 көппәтерлі тұрғын үйді орталық жылу жүйесіне қосу бойынша жұмыс қолға алынды, – деді басқарма басшысы.

Өткен жылы Петропавл №2 жылу-электр орталығында 3,7 млрд. теңгенің жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Биыл 8 қазандық, 4 турбина жөнделіп, 4 қазандық пен 4 турбинаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” АҚ-ы үстіміздегі жылы 951 шақырым электр сымы мен 94 қосымша станцияға жөндеу жүргізеді. Бұл мақсатқа 1,1 млрд. теңге қарастырылған. “Қызылжар су” ЖШС-і де су құбырлары жүйесіне күрделі жөндеу жұмысын жүр­гізіп, кәріз желісінің 250 құдығын қалпына келтірмек.

Басқарма басшысы алда тұрған міндеттерге де тоқталып өтті. Биылғы жылыту маусымына 491 қазандықты, 604 білім беру, 527 денсаулық сақтау және 166 мәдениет саласының нысанын дайындау қажет. Облыс бойынша 34 қазандық алмастырылады, Айыртау, Жамбыл, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 7 биоқазандық орнату жоспарланған.

Әкімдік отырысында Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков шаһарда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

– Облыс орталығында бір мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылған. Өткен жылыту маусымы ойдағыдай өтті. Төтенше жағдай тіркелген жоқ. Дегенмен, бірқатар мәселелер туындағанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, былтыр күзде коммуналдық қарызы бар 55 көпқабатты тұрғын үй жылыту маусымына дайындық паспортын алған жоқ. Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үйлердегі кейбір пәтер иелері рұқсатсыз жылыту батареяларын қосқаны анықталды. Техникалық талаптарға сай келмейтін бұл батареялар пәтерлерді дұрыс жылыта алмайды. Салдарынан баспанадағы температура төмендеген. Осы мәселе бойынша 99 петропавлдықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді Болат Серікұлы. Шаһар басшысының айтуынша, қаланың энергетика кәсіпорын­дары 4,5 мыңнан астам көпқабатты және же­ке­мен­шік үйді, 170 әлеуметтік-мәдени нысан­ды кестеге сәйкес жылумен қамтамасыз ет­кен.

“Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Андрей Ка­линичевтің айтуынша, былтыр Петропавлда төрт бірдей жылу магистралі жаңғыртылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде тұтынушыларды жылумен қамтамасыз ету жақсара түскен. Бұл жолы қалада жаңадан салынып жатқан шағынаудандар мен өнеркәсіптік аймақтар басымдыққа ие болады. Сонымен қатар жылу магистральдарын жаңғыртудың нәтижесінде жаңа кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу біршама жеңілдей түспек.

Өңір басшысы құрылыс жұмыстары көптеп жүргізіліп жатқан шағынаудандарға басымдық беруді тапсырды. Жыл соңына дейін М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанында салынып жатқан заманауи оқу-тәжірибелік корпустың, “Жас өркен” шағынауданындағы коммерциялық тұрғын үй кешендерінің, Шоқан Уәлиханов және Жәлел Қизатов көшелерінің бойындағы спорт кешені мен әскери институттың аумағындағы жаңа нысандардың құрылысы аяқталады. Аталмыш ғимараттарды орталық жылу жүйесіне қосу үшін қосымша қуат қажет.

Отырысты қорытындылаған Құмар Ақсақа­лов жауапты басшыларға алдағы қысқа дайындықты бүгіннен бастау қажеттігін ескертті. Ең бастысы – әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуі тиіс.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp