«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы” демекші, баланың бойында жақсы қасиеттердің қалыптасуы ата-анамен қатар ұстазға да байланысты. Шәкірт жүрегіне білім нәрін сеуіп, ізгілікке тәрбиелеуде Әсем-Жұлдыз Баймұқанова сияқты мұғалімдердің еңбегі көпке үлгі. Шал ақын ауданы Ысқақ Ыбыраев атындағы ауыл мектебін үздік тамамдап, ұстаз болуды алдына мақсат еткен ол – Петропавлдағы педагогикалық институтта білім алды. Қалың қазақ ортасынан шыққан жасқа алғашында орысша оқу қиындық келтірсе де, таудай талабының арқасында намысты қолдан бермеді.

– Кеңес өкіметі тұсында тілдік кедергілер көп болды. Ауылда қа­зақша білім алған мен сияқты ба­лалар жоғары оқу орнында орыс­шадан қиналды. Құдайға шүкір, ел егемендікке қол жеткізген соң жағдай түзелді. Қазіргі ұрпақ ба­қытты. Олар ана тілінде білім алып, өз ойларын еркін жеткізе ала­ды. Түсінген адамға бұл – үл­кен қуаныш, – деп өз басынан өт­кен жағдайдан сыр шерткен бала жанының бағбаны қандай қиын­дық көрсе де, мұғалім маман­ды­ғын таңдағанына өкінбейтінін жет­кізді.

Әкесі – Әшкен Хамзин бала­ларға математика пәнінен сабақ берген. Бауырлары да осы сала­да еңбек етеді. Сондықтан ұстаз дейтін ұлы сөзге кір келтірмей, әке жолын лайықты жалғастыру өзіне жүктелген зор жауапкер­ші­лік деп түсінеді. Еңбек әліппесін Еңбектен (Шал ақын ауданы) бастаған ол бүгінде Аққайың ау­данындағы №3 Смирново қазақ орта мектебінде жұмыс істейді. Отыз жылдан астам педагогика­лық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұс­таз білім жүйесіндегі өрелі өз­ге­рістерге дән риза. Оның айтуын­ша, білім беру жүйесіндегі жаңа­шылдықтар оқытудың озық әдіс-тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік берді. Математика пәнінен сабақ беретін ол заман көшінен қалмай біліктілігін арттырып, әріптес­те­рімен үнемі тәжірибе алмасып отырады. Ол қазір ауыл мектеп­теріне айрықша қолдау көрсетіліп отырғанын тілге тиек етті. Соның арқасында Альбина Құсайынова, Эльмира Ілиясова, Дамир Тәжі­баев, Шырақ Әшкенова сынды оқушылары облыс, республика деңгейіндегі білім байқауларына қатысты.

Жоғары санатты ұстаз – ма­те­матика пәні мұғалімдері об­лыс­тық қауымдастының мүшесі, рес­публикалық математика пәні мұ­ға­лімдерінің І съезінің делегаты, “100 жаңа есім” жобасының қа­ты­сушысы, облыстық, республика­лық ғылыми жобалар сайысының жеңімпазы. Өткен жы­лы оқушы­лардың экономикалық сауатты­лығын арттыруға бағыт­талған ав­торлық жобасы облыста үздік атанды. Бұл жоба оқушы­лар­дың білім көкжиегін кеңейтуге мүм­кін­дік береді. Ұстаздың ай­туынша, түлектер математика пә­нінен жақсы оқып қана қоймай, заман талабына сай экономи­ка­лық тұр­ғыда сауатты болуы тиіс.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: математика пәні­нің мұғалімі Әсем-Жұлдыз Бай­­мұқанова шәкірттерімен бірге.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp