«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қой шаруашылығын дамытуға арналған бағдарлама жүзеге аспақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер палатасының бастамасымен, «Shopan-ata» қой өсірушілердің ұлттық қауымдастығының қолдауымен қой шаруашылығын дамытуға арналған аумақтық бағдарлама жүзеге асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов бүгін қой шаруашылығын дамытуға арналған аумақтық бағдарламаны ресми түрде іске қосты.

Қаңтар айында СҚО-ны дамытудың аумақтық картасын талқылау кезінде «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов өңірдің қой шаруашылығын дамытуда әлеуеті жоғары екенін айтты. Қазір облыста шопан ата төлін өсірумен 207 шаруашылық айналысады. Ал олардың ішінде асыл тұқымды қой басын көбейтуді санаулы ферма – «Екпін» ЖШС, «Қаратомар» ЖШС, «Анар» ЖШС, «Ман» ШҚ қолға алған.

СҚО әкімдігінде өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен қой шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған кәсіпкерлер палатасының, «Shopan-ata» қой өсірушілердің ұлттық қауымдастығының өкілдері, облыстық атқарушы органдардың, қаржы ұйымдарының мамандары, аудан әкімдері және қой өсірумен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.

Қой шаруашылығын дамытудың аумақтық бағдарламасы 2030 жылға дейін шақталған.

«Бағдарлама аясында қой басы үш есе көбейіп, 10 жылдың ішінде 1,6 млн-ға жетеді. Қой өсіруге ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін және 20 мың жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту көзделген. Бұл бағыттың болашағы зор. Қазірдің өзінде қой етінің келісін 5,5 АҚШ долларына, яғни 2300 теңгеге экспорттауға болады. Сондай-ақ ішкі нарықты сапалы, қымбат емес етпен қамтимыз. Нәтижесінде өңірде жаңа ет өңдеу кәсіпорындары ашылады. Бордақылау алаңдары мен асыл тұқымды орталықтар пайда болады», – дейді «Атамекен» ҰКП атқарушы директоры Ербол Есенеев.

Алдын ала болжам бойынша, биыл қой саны 8 %-ға немесе 28 мыңға көбеймек. Ол үшін бұл саланы екі бағытта дамыту ұсынылды. Біріншісі – кәсіпкерлерге асыл тұқымды аналық қойды сатып алуға тауарлық несие ұсыну. Екіншісі – өз учаскесінде 50-100 қой асырай алатын жеке қосалқы шаруашылықтары барларға қолдау көрсету.

Жалпы бағдарламаны жүзеге асыру үшін қаржыландырудың бірнеше механизмі бар. Соның бірі – «Еңбек» бағдарламасы арқылы. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 7 жылға 6 %-бен жеңілдетілген несие беру. Сондай-ақ «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қой алуға 2-4 % жылдық мөлшерлемемен және 1 жыл демалыспен тауарлық несие беру. Бұдан басқа биыл СҚО кәсіпкерлер палатасының қатысуымен «Атамекен-Қызылжар» шағын қаржы ұйымы жұмысын бастайды. Осылайша, «Бастау Бизнес» арқылы оқып шыққандар қой шаруашылығын дамытуға 6 %-бен 7 жылға дейін жеңілдетілген несие ала алады.

Кәсіпкерлер палатасы бағдарламаға қызығушылық танытып, қатысуға ниет еткендерге жан-жақты қолдау көрсетпек.

https://www.inform.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp