«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген соң республикамызда тұрақтап қалған өзге эт­нос өкілдеріне барлық жағдайлар жасалды. Олардың елімізде өсіп-өнуімен қатар, ұлттық мәдениетін сақтауға да мүмкіндіктер берілді. Мұның айшықты дәлелі жергілікті жерлерде түрлі этнос өкілдері бірлестіктерінің құрылғаны еді. Солардың бірі – Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы Әзірбайжан этномәдени бірлестігі.

Бұл орталықтың қазығы 1995 жылдың мамырында қағылды. Алғашқы төрағалары сол кезде өңірімізде белсенді еңбек еткен Мирахмед Гасанов, Расул Дадашовтар бол­ды. Қазір олардың жұмысын әзірбайжан диаспорасының өзге өкілдері жалғастырып келеді. Біздің орталықтың жұмысына қала және облыс жұртшылығы, М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен колледж студенттері, мектеп оқушылары өз үлестерін қосып, түрлі шараларға атсалысады.

Этносаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту, ұлттық мәдениетімізді дамыту, жастарды отансүйгіштікке баулып, қоғам бір­лігін сақтау – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан біз облыстық ассамблеядағы барлық этномәдени бірлестіктермен, өңір аудандарымен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Ұлттық мерекелік шараларға белсенді қатысамыз. Сонымен қатар Ресей Федерациясының көршілес облыстарындағы этномәдени ұйымдарымен де байланыс орнатып, жақсы қарым-қатынас қалыптастырдық.

Бүгінде орталықтың жұмысына Петропавл қаласы мен аудандарда тұратын әзірбайжандарды көптеп тартуға баса назар аударылуда. Әзірбайжан тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылады. Бұған жастарды тартып жатырмыз.

Мен Қазақстанның азаматы екенімді мақтан тұтамын. Осы елде өсіп-өніп, тамыр жайдым. Ата-баба дәстүрін жалғастырып келемін. Сондықтан Қазақстан – менің Отаным. Қазақ және әзірбайжан халқының ұқсас әрі ортақ құндылықтары мен дәстүрлері аз емес. Мәселен, екі ұлттың тілдері жақын. Соның нәтижесінде түрлі деңгейдегі мемлекеттік тіл байқауларында әзірбайжан жастары жүлделі орындардан көрінуде. Біздің елде барлық этнос өкілдері бір-бірімен ауыз-біршілікте өмір сүруде. “Бірлік – береке бастауы” демекші, Қазақстан халқының күші де ынтымақпен тамырласады. Әзірбайжандық­тардың да ел бірлігінің бекем болуына үлес қосып отырғаны қуантады.

Чингиз КУРБАНОВ,

Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp