«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Туған жердің түтіні де тәтті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде Мағжан Жұмабаев ауда­нындағы Булаево өнер мектебінің директоры болып жұмыс істейтін Сергей Кузьменко бала күнінен музыканы сүйіп өсті. Ол бұрынғы Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданына қарасты Макарьевка ауылында дүниеге келіп, орта мектепті Пресноредудь ауылында тамамдады. Бастауыш сыныпта оқып жүріп-ақ радиодан естіген әндерін гармон, баянның сүйемелдеуімен шебер орындаған. Баланың бойындағы өнерді байқаған ұстаздары оны түрлі мәдени шараларға жиі қатыстырып, шығармашылығын шыңдаған. Жоғары сыныпқа келгенде аудандық ән байқауларына қатысып, үнемі жеңіс тұғырынан көрінді. Сөйтіп, ол 5 жылдық музыкалық мектепті 2 жылда тамамдап, өз қатарластарының алды болды.

Ол өнерге құлшынысын оятып, қанаттандырған әкесіне дән риза. “Бастауышты үздік аяқтасаң, бір баян сатып әперемін”, деп уәде еткен әкесі айтқанында тұрып, баласына баян алып беріпті.

Мектепте оқып жүрген кезінде көркемөнерпаздармен ауыл-ауылды аралап, концерттер қойды. Ауданаралық ән сайыстарына қатыса жүріп, түрлі әдеби-мәдени шаралардың бел ортасынан табылды. Әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеп жүрген кезде де өнерден қол үзген жоқ. Музыкалық қабілеті зор Сергей Берлиндегі офицерлер үйінің оркестріне қабылданған. Музыкалық дарынының арқасында ол Алла Пугачева, Иосиф Кобзон, Эдита Пьеха сияқты Ресей өнерпаздарымен және “Самоцветы”, “Пламя”, “Песняры” сияқты атақты ансамбль мүшелерімен танысып, бір сахнада өнер көрсетті. Еуропаның классиктері де офицерлер үйінде жиі концерт қойған екен. Сондықтан ол шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік берген әскери өмірді әр кез сағынышпен еске алады.

Офицерлер үйі оркестрімен бірге Сергей Кузьменко Германияны аралап, Берлиндегі зауыттар мен фабрикаларда, кәсіпорындар мен алаңдарда, сондай-ақ, Дрезден, Эберсвальде, Финстервальде сынды көптеген қалалар мен аудандарда концерт қойды. Атақты классик әншілердің жанды дауысы, олармен бір сахнада өнер көрсетуі оған ерекше әсер еткендей. Өнер десе, ішер асын жерге қоятын сарбазға Берлинде немесе Мәскеуде музыкалық білімін жетілдіруге, ондағы театрлардың бірінде жұмыс істеуге ұсыныс түскен. Бірақ туған жердің қадірін түзде жүргенде ұғынған Сергей Дмитриевич кіндік қаны тамған жерге жетуге асыққан.

– Әр адамның жүрегінде туған жердің алатын орны бөлек. Теріскейімнің таза ауасын, жұпар иісі аңқыған даласын сағындым, алыста жүріп өскен өлкемнің түтінінің де тәтті екенін сезіндім. Сондықтан әскери борышымды өтеген соң, бірден елге оралдым. Музыка ұлтқа, тілге бөлінбейді. Қай жерде жүрсем де музыкамен айналысуға мүмкіндік бар, – дей келе ол осы жерде өсіп-өніп, бақытқа бөленгенін айтты. Бастысы бірлігі бекем, тұғыры мықты елде тұрып жатқанын мақтан етеді. Өзге этнос өкілі қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін де ерекше құрметтейді.

Петропавл қаласындағы музыкалық училищеде білім алып, бүгінгі күнге дейін осы салада тынбай еңбек етуде. Автоклубпен ауылдарды аралап, егістік алқаптары мен қырмандарда концерт қойған кезең ешқашан ұмытылмайтынын айтқан өнерпаз шәкірт тәрбиелеуді де естен шығарған емес. Жекеменшік өнер мектебінде қазір 95 бала баян, аккордеон, фортепьяно, хореография, кескіндеме, эстрадалық вокалдан сабақ алуда.

Музыка маманының 1985 жылы Булаево Мәдениет үйінде хор құрғанын біреу білсе, біреу білмес. Кейін аталмыш ұжым “халықтық” атағын алды. Бүгінде шығармашылық ұжымның қол жеткізген жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Әрине, бұл Сергей Дмитриевичтің ерен еңбегінің нәтижесі. Қазір Сергей Кузьменко жетекшілік ететін халықтық хордың құрамында 15-тен астам өнерпаз бар.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp