Облыс орталығындағы “Абылай хан резиденциясы” музей-кешені – бірегей тарихи нысан. Қазығы 1765 жылы қағылған. Ол кезде Петропавл қаласы болған жоқ. Ханның үйіне қарсы “Әулие Петр” қорғаны орналасқан. “Новоишимская” шекаралық белдеуі бойындағы қорған құрылысы 1752 жылы басталып, тек 1770 жылдары аяқталған. Соның өзінде ол үш әскери казарма мен офицерлер үйінен тұратын шағын қорған ғана болған.
Қорғанның құрылысы аяқталғанға дейін Абылайдың ағаштан салынған үйі келушілерге қызмет көрсетіп тұрды. Оның жоспары 2003 жылы Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің архивінен табылды. Онда Абылай сұлтанның тынығатын, келушілерді қабылдайтын үйлері мен кеңсе, монша болған. Құрылыс жұмыстары орыстың Омбы қорғанынан келген ағаш шеберлерінің күшімен салынған.
1759 жылы Абылай хан патша әкімшілігіне хат жазып, (оның мәтіні де сақталған) өзінің үйінің маңынан Ресейдің орыс-татар көпестері, Орта Азия саудагерлері және даланың байлары сауда-саттық жасайтын керуен сарайлар салу жөніндегі ұсынысын жеткізеді. Арада көп уақыт өтпей әр жерден тауар тиеген арбалар көші келеді. Солардың біразы бұл маңайдан баспана тұрғызып, тұрақтап қалған. “Петропавл” қорғанындағы әскерден босаған (ол кездегі патша әскеріндегі қызмет өтеу мерзімі 25 жыл) кәрі солдаттар мен мүгедектер де қосылып, үй саны көбейе түскен. Ал бұл қонысты патша кеңселерінде ұзақ уақыт бойы “Әулие Петр қорғаны”, артынан “Петропавл” қорғаны деп атаған. Бірақ иісі қазақ даласы Петропавлды ежелден Қызылжар деп атап келгенін бәріміз білеміз.
1740 жылы Абылай сұлтан басқалармен бірге өзінің дербестігін сақтаса да, патшаға қызмет етуге қол қойғаны белгілі. Сондықтан орыс патшасы Абылайға 300 сом ақша, 200 пұт ұн түрінде жыл сайын берілетін еңбекақы тағайындаған. Оны ханның адамдары “Петропавл” қорғанынан алып тұрған.
Үйлер саны көбейіп, қоныс аумағы ұлғайған сайын бұл мекенде үлкен өрттер де орын алған. Мәселен, 1824 жылғы мамыр айында болған өртте 450 ағаш үй түгі қалмай жанып кетеді. Соның ішінде “Абылайдың ақ үйі” де болған. Оның орнына асты кірпіш, үсті ағаштан салынған үй тұрғызылады. Қазақтар оны бұрынғысынша “Абылайдың ақ үйі” деп атаған. Ол хандар мен сұлтандар түсетін мәртебелі мекен болған. Абылайдың баласы Уәли Орта жүзге хан болып сайланғанда хандық белгілер мен жарлықты осы үйде қабылдаған. Кейін бұл үй лазарет ретінде қызмет көрсеткен деген дерек бар.
2003 жылы елімізде тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру мақсатында “Мәдени мұра” республикалық бағдарламасы қолға алынды. Ал бұл кезде облыс орталығындағы аталмыш тарихи нысан сүреңсіз әрі сүрілудің аз-ақ алдында тұр еді. Жергілікті журналистер үйдің тарихи маңызы мен “Мәдени мұра” бағдарламасының шеңберінде оны қалпына келтіру туралы түрлі басылымдарда мәселе көтеріп, бұл үйдің Абылай ханға тікелей қатысты екенін дәлелдеуге тырысты. Бұл үй туралы Ш.Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп, Шәді төре, Үкілі Ыбырай, кейін Сәбит Мұқанов, Ғафу Қайырбеков тағы басқаларының шығармаларында тарихи деректер кездеседі.
Облыс әкімінің сол кездегі орынбасары болған Қуат Есімхановтың қолдауымен “Абылайдың ақ үйі” туралы қосымша материалдар жинақтау үшін журналист Ж.Самрат пен облыстық архивтің сол кездегі директоры Ж.Қосыбаев Санкт-Петербург, Мәскеуде іссапармен болды. Сапар сәтті болып, Мәскеудің архивінен үйдің жобасы табылды.
Бұл кезде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып белгілі дипломат, көрнекті мемлекет қайраткері Тайыр Мансұров тағайындалған еді. Ол Абылайдың ақ үйі ұлттық тарихымыз үшін маңызды кешен екенін бағамдады. Ақыры “Мәдени мұра” бағдарламасының шеңберінде үйді қалпына келтіруге қол жеткізді. “Абылайдың ақ үйі” музей-кешенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылғы 21 тамызда салтанатты жағдайда ашты. Мұндағы экспозициялар Абылай ханның өмірі мен қызметінен сыр шертеді. Ғимараттың жалпы аумағы мен құрылымы – 1288,5 шаршы метрді құрайды.
Қызылжарға келген қонақтар, соның ішінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті тұлғалары Абылай хан музейіне соқпай кетпейді. “Құрметті келушілер” кітабында олардың пікірлері мен қолтаңбалары бар. Олардың айтқан ұсыныстарын кеңесшілеріміздің талқысына салып, музейді жетілдіруге баса назар аударып отырмыз. Жергілікті ақын-жазушылардың “Абылайдың ақ үйі” туралы жазған еңбектері аз емес. Қазір “Абылай хан резиденциясы” музей-кешенінде танымдық экскурсиялармен қатар студенттер мен оқушыларға арналған тарихи-танымдық дәрістік курстар өткізіліп тұрады. Жыл сайын музейге 40 мыңнан астам адам келеді. Абылай ханның өмірі мен қайраткерлігі туралы, қазақ тарихына арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілді. Өткен жылы тарихи-мұражай викторинасы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай “Қазіргі Қазақстан азаматының рухани – адамгершілік қалыптасуы және Әбу – Насыр әл – Фараби мұрасы” атты тарихи клуб отырысы, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Сәбит Мұқановтың мерейтойларына арналған көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Ал биыл жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік, Абылайдың батырларының бірі Құлекеге арналып “Қос батырдың бірі – Құлеке” атты республикалық конференциялар “ZOOM” платформасында қашықтан өтті.
Биыл біз үшін мерейлі жыл. Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен Абылай ханның 310 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай жақында “Қазақ ордасының ұлы ханы – Абылай” атты алқалы жиын өтті. Оған белгілі тарихшылар қатысып, Абылай бабамыздың ерлігі мен өрлігі тұрғысында ой бөлісті.
Біз Көкшетау, Қостанай, Павлодар қалаларындағы музейлермен ынтымақтаса жұмыс істеудеміз. Екіжақты көшпелі экспозициялық көрмелер өткізіп, аймақ тарихынан мол мағлұмат алуға мүмкіндік жасаудамыз.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді. Оған салалық министрліктер де өңір аумағындағы бағынышты мекемелерді дамыту бойынша ұсыныстар жасады. Соның ішінде Мәдениет және спорт министрлігі “Абылай хан резиденциясы” музей-кешенінің маңызы мен тарихи мәнін арттыру мақсатында республикалық деңгейдегі музейлер орталығы ретінде атауды көздеп отыр. Біз мұны тарихи әділетті шешім деп санаймыз. Бұл үш жүздің басын қосқан батыр бабамыздың ел тарихындағы маңызын арттырып, музей-кешені – Абылай хан заманынан қалған тарихи ескерткіш екендігін айғақтайды.
Кешенді жоспарға енгізілген бұл ұсынысты біздің ұжым зор қуанышпен қабылдады. Жоба іске асса, “Абылай хан резиденциясы” музей-кешенінің жоғары деңгейде жұмыс істеуіне мүмкіндік туады. Ал заманауи үрдіске сай инновациялық музей кешенін қалыптастыру үшін ұжымға зор сенім артылады.
Аян САДАЕВ,
“Абылай хан резиденциясы” музей-кешенінің директоры.