Футболдан ел біріншілігінің 14-ші турында “Qyzyljar” клубы өз алаңында жамбылдық “Тараз” командасын қабылдады.
Бұған дейінгі турда тараздықтар шымкенттік “Ордабасымен” тең ойнаса, жерлестеріміз “Атырауға” есе жіберген еді. Сондықтан қос команда үшін де жеңіс ауадай қажет болды.
Ойын бастала сала ширақтық танытқан тараздықтар есеп ашты. Қақпамызға алғашқы голды кездесудің 12-ші минутында Ненад Адамович соқты. Осы қарқынмен көп ұзамай тараздық шабуылшы дубль авторы атанды. Есеп – 0:2.
Кездесудің екінші бөлігінде жерлестеріміз есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Алайда қырағы қарсыластардың қорғанысы дес бермеді. Тек ойынның 65-ші минутында ғана Дарко Зорич мергендігімен көзге түсіп, жанкүйерлерін қуантты. Жамбылдықтардың осал тұсын таба білген қызылжарлықтар шабуылдарын үдете түсті. Осындай тартыс кезінде ереже бұзған тараздық қорғаушы ойыннан қуылып, пенальти белгіленді. Бұл мүмкіндікті Әлібек Қасым мүлт жіберген жоқ. Қорытынды есеп – 2:2.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.