«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАНАТҚАҚТЫ ЖҮЙЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қорғау мем­лекеттік қызметтің беделін көтерудің басты өлшемдерінің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2017 жылдан бастап мемлекеттік қызмет жүйесін дамытуда бірқатар маңызды шаралар қабылдады. Солардың ішінде Әділет министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау, Павлолар облыстарының жергілікті атқарушы органдарында факторлық-балдық жүйе негізінде еңбекақы төлеудің қанатқақты жүйесі енгізілуін атауға болады. Бұл әдіс қызметкерлердің жалақысын 3-4 есеге арттыруға, өңірлер мен орталық аппарат қызметкерлерінің жалақы айырмашылығын 70 пайыздан 10 пайызға дейін қысқартуға, бұдан бөлек, жыл ішіндегі жұмыс нәтижелері негізінде кемінде 4 жалақы мөлшерінде төлем жүргізуге мүмкіндік берді. Тұтастай алғанда, бұл тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетті. Ең бастысы, мемлекеттік қызметтің тартымдылығы, әкімшілік, мемлекеттік лауазымдарға орналасуға бәсекелестік артып, кадрлардың тұрақтамау мәселесі бәсеңдеді. Алдағы уақытта өміршең қанатқақты жобаны басқа мемлекеттік органдарға енгізу жоспарланып отыр. Қаржы министрлігіне бұл төлем жүйесі әлі енгізілмесе де, облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде С-О-5 санаты бойынша бас маманның жалақысы 108305 теңгеден 146177 теңгеге дейін, С-О-4 санаты бойынша 126356 теңгеден 170599 теңгеге дейін өсті. Факторлық-балдық жүйе енгізілгеннен кейін жалақы орта есеппен екі есеге арттырылатын болады. Бүгінгі күні мекемеде 17 адам жұмыс істейді, бәрі жоғары білімді. Әйелдердің үлесі – 41,17 пайыз, екеуі басшылық қызметте. Биыл 6 қызметкер кәсіби шеберлігін арттыру, 3 қызметкер білімін қайта жетілдіру курсынан өтеді.

Мемлекеттік органдарда штат санын оңтайландыру қолға алынып, персоналды басқару жүйесі орталықтандырыла бастады. Басшы буынның артық лауазымдары мен жұмыстың қайталануы жойылды. Құрылым мен штат санын қысқарту – бюджет қаражатын үнемдеудің, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын көбейтудің бір жолы. Бюджеттік процестерді оңтайландыру да өз жемісін беріп келеді. Мысалы, 2019 жылдан бастап қызметкерлерге жалақы мен іссапар шығындарын есептеу аумақтық қазынашылық департа­ментіне берілді. Активтерді реттеу ішкі мемлекеттік аудит және қазынашылық ведомстволар теңгерімі бойынша жүргізіледі. Мемлекеттік қызметкерлердің құқықтарын қорғаудың маңызы зор. Шұғыл тапсырмаларды орындау, функционалдық міндеттердің біркелкі бөлінбеуі, өзге де факторлар негізгі іске қолбайлау болуы мүмкін. Осындай оғаш жағдайларға жол бермеуге ерекше көңіл бөлінеді. Кешкі сағат 18:30-дан кейін жұмыс компьютерлерін автоматты түрде өшіру үшін “Shut down” бағдарламасы орнатылған. Мұның өзі мамандардың жұмыс уақытын тиімді пайдалануға, үйлеріне уақтылы қайтып, отбасымен қауышуға үлкен ықпал етері сөзсіз. Ұжым мүшелерінің әртүрлі мәдени және спорттық іс-шараларға, мысалы, шахмат турнирлеріне, футбол жарыстарына, пікірталастарға қатысуы, мемлекеттік тұрғын үй және білім беру бағдарламаларына белсене атсалысуы басты назарға алынған.

Мемлекеттік қызметке кіру кезінде тиісті ерекше жауапкершілік жүктелетінін әркім білгені жөн. Мемлекеттік қызметшіге педагогтық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, лауазымдық өкілеттіктерін атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсетілетін қызметтерін жеке мақсатқа пайдалануға тыйым салынады. Жұмыстан тыс уақытта және бос уақытты өткізу кезінде өзін сыпайы ұстауы, жұртшылық тарапынан қандай да бір сын-ескертпе тудырмауы тиіс. Фотосуреттерді әлеуметтік желілерге орналастыруда ерекше сақ болу қажет.

Бүгінгі таңда елімізде 90 мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Мемлекеттік қызмет қызметшіні қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін тұрақты сектор болып қала береді. Біздің департамент жас ұрпақ пен жоғары оқу орны түлектеріне әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшін конкурстарға белсенді қатысуды ұсынады.

Самал СЕМБИНА,

мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті ұйымдастыру-кадрлық жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp