«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЙДАРЛЫ ЖАЗ ҚЫЗЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Төрт тоқсан бойы мектепте білім нәрімен сусындаған балалардың жазғы демалысты асыға күтетіні рас. Дегенмен ата-аналардың барлығы бірдей өз балаларын толыққанды, жақсы ұйымдастырылған демалыспен қамтамасыз ете алмайды. Бұл орайда балаларға тәрбие, сауықтыру, білім беру және ойын-сауықты қамтамасыз ету міндеті мектептерге жүктеледі.

Облыс орталығындағы №2 түзету мектеп-интернаты мамырдың 26-сы мен маусымның 15-сі аралығында “Үміт” жазғы сауықтыру-еңбек лагерін ұйымдастыруда. Лагерьде интернат тәрбиеленушілерінің демалуына, сауығуына, шығармашылық тұрғыдан дамуына, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және оларды мектеп маңындағы өсімдіктерді күтіп-баптау арқылы еңбекке тартуға бар мүмкіндік жасалған. Лагерьді ұйымдастыру барысында коронавирус індетінің таралауына жол бермеу үшін барлық сақтық шаралары ескерілді. Алдымен сауықтыру шарасына аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан және қиын жағдайларға тап болған балалар қабылданды.

Лагерьде қазір 55 бала демалуда. Әр күнгі шаралар бекітілген жоспар бойынша барлық талаптарды сақтай отырып өтеді. Облыстық тарихи-өлкетану, бейнелеу өнері музейлері, “Абылай хан резиденциясы” музей-кешені, об­лыстық полиция департаменті мен өртке қарсы қызмет музейлері, ботаникалық бақ, облыстық қуыршақ театры, “Сити мол” сауда ойын-сауық орталығындағы ойын алаңы, Шухов атындағы қалалық кітапхана, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, Тұңғыш Президент саябағы сияқты қаламыздағы өзге де айшықты орындарға саяхат қарастырылған.

Қорғаныш қабілеті (иммунитет) әлсіреген балаларға арнап мектептің медициналық қызметкерлері “Денсаулық сағатын” өткізуді дәстүрге айналдырған. Барлық балалар бес уақыт тамақпен қамтамасыз етілген. Сауықтыру алаңы жұмыс істеген алғашқы күні балалармен құқық бұзушылықтардың және буллингтің алдын алу бағытында әңгіме-дүкен құрдық. Онда біз балаларға қандай жағдай болмасын теріс әрекетке, жаман әдетке баруға болмайтынын, шыншылдық, адалдық пен қарапайымдылық адамның қоғамдағы рөлі мен абыройын айшықтайтынын айттық. Әңгімелесу барысында балалар достық, жауапкершілік ұғымдарының маңызы, құқық бұзушылықтың салдары мен оны болдырмау бойынша өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ балаларға терроризмге қарсы, жолда және су қоймаларындағы қауіпсіздік шаралары түсіндірілді.

Балалар күн сайын әртүрлі ойын-сауық шараларына қатысып, өз мүмкіндіктерін спорттық іс-шараларда, интеллектуалдық және музыкалық жарыстарда байқай алады. Сонымен қатар тәрбиеленушілеріміз “Палитра”, “Мелодия”, “Көңілді ноталар”, “Гармония” би студиясы мен спорттық үйірмелерге жазылған.

Ал бос уақыттарын балалар мектеп ауласындағы ойын алаңқайында өткізеді. Бұл жерде бүлдіршіндерге қажеттінің бәрі бар. Карусельдер, әткеншектер, балалардың ойын қалашығы, баскетбол алаңы жасақталған.

Біз осымен екінші жыл қатарынан дамуында кемшілік бар балалардың, бізге алғаш рет келген оқушылардың денсаулықтарын нығайтуға бағытталған арнайы орын жасақтап келеміз. Мұндай алаң бастауыш сынып оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың қарым-қатынас қабілетін дамытуға, саламатты өмір салтына деген ынтаны оятуға, олардың көңіл күйі мен жалпы денсаулықтарын түзетуге мүмкіндік береді. Алаңда аяққа әртүрлі емдік әсер беретін материалдардан жасалған “Денсаулық соқпағы”, қимыл-қозғалыс жүйесін жаттықтыратын құрылғылар, сақиналар мен доптар лақтыруға арналған “Маймыл” мен “Сиыр” конструкциялары, бормен сурет салуға арналған және шағын моториканы дамытатын “Гүлдер” аймағы бар. Осылайша жан-жақты шаралардың нәтижесінде балақайлардың жазғы сауықтыру лагеріндегі әр күні қызықты өтуде.

Артём БЕЛОНОГОВ,

№2 түзету мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp