Петропавлда қиын жағдайға тап болған отбасыларға ақпараттық, заңгерлік көмек беретін «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығының көмегіне 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, тұрмысы нашар және көп балалы отбасылар, еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударған үйелмендер жүгіне алады.
«Мақсат – мемлекет жүзеге асырып жатқан бағдарламалар туралы түсінік беру. Қажет болған жағдайда «Неке және отбасы туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңдарға, ҚР Еңбек кодексіне және өзге де мәселелер бойынша заңгерлік кеңес бере аламыз. Отбасылар, мәселен, өздеріне мемлекеттен қандай көмек бар екенін біле алады. Әлеуметік кеңсенің қызметкерлері жұмыс іздеуге және жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Көпбалалы немесе кішкентай баласы бар ана келсе, баласын арнайы бөлмеде қалдырып, өзі еш кедергісіз қажетті ақпаратты ала алады», – дейді «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығының директоры Данияр Әбутәліп.
Орталық сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс істейді.
Жоба «бір терезе» қағидаты бойынша, сондай-ақ телефон байланысы, WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы онлайн түрде де қызмет көрсетеді.
Мұнда әр саланың жауапты мамандары, сондай-ақ психолог белгіленген кесте бойынша қабылдайды.
Жоба мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылып жатқандықтан, барлық қызмет тегін көрсетіледі.
СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, облыста 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған, тұрмысы нашар, көпбалалы 14 мыңнан аса отбасы бар.
Орталық қанатқақты жоба болғандықтан 3 мыңға жуық адамға көмек көрсетуді жоспарлаған.
www.inform.kz