Жүз жылдық жылнамасы қатталған қарашаңырақ – облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті осы уақыт бедерінде талай қаламгердің тұсауын кесіп, әдебиет әлемінде бақ жұлдызын жарқыратты. Оны басылымның сарғайған беттерінде қолтаңбасы қалған авторлардың туындыларынан аңғаруға болады. Газетіміздің қағаз бен қаламды серік еткен журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарып, жан сырын өлеңге бүкпесіз жайып салуды мұрат еткен ақындардың алғашқы қадамдарына сүйініш танытып келе жатқанынан да көкірегі ояу, көзі қарақты оқырман хабардар. Иә, бұл бір ғасырлық тарихы бар байырғы басылымның қадасын қағып, уығын нықтап, шаңырағын шалқақ ұстаған марғасқа Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Сәбит Мұқанов сынды алаштың арда ұлдары салып кеткен сара жолдың бүгінге дейін арқауының үзілмей отырғанының бір дәлелі.
Жүректен шыққан жырларын редакциямызға ұсынып, газет бетінде жариялауды өтінетіндердің қатары қазір де толастаған емес. Біз бұған қуанбасақ, ренжімейміз. Өйткені “халықтың құлағы һәм тіліне” баланатын басылымымыздың мәртебесі қай кезде де патша көңілді оқырмандарымызбен биік, мерейі үстем. Редакциямыздың поштасына түскен әдебиетке қатысты дүниелерге, эсселер мен әңгімелерге, өлеңдер мен толғауларға әркез сын көзбен, газеттің талғамы мен талап деңгейі тұрғысынан қарауға тырысасың. Соңғы уақытта біздің поштамызға келіп жататын хаттардың, соның ішінде өлеңдердің сапа жағынан сын көтермей отырғаны жасырын емес. Олардың біразының газет бетіне жарияланбай, электронды нұсқа күйінде поштамыздың қоржынында қалып жататынының да негізгі бір себебі осы.
Жалпы қазақ әлімсақтан өлеңшіл халық қой. Өлең сөзге келгенде қаражаяуы аз. Ал поэзияны зерттеушілер өлеңді шын және жай деп екіге бөліп қарастырады. Өкініштісі де сол, біздің редакциямызға келіп түскен өлеңдердің дені екінші санатқа жатады, шын поэзияның жүгін көтереді-ау дегендері некен-саяқ. Әдеттегі жаппай жазылып жататын, оқып шыққан соң есте қалмайтын жай өлең мен оқыған адамның жүрек қылын шертіп, рухын оятатын шын өлеңнің бір-бірінен айырмасы жер мен көктей. Өлеңнің ұйқасы дұрыс, тармағы мен буын саны келіскен, теңеулері қисынды, бәрі орнында сияқты. Бірақ көңіліңді тебірентпейді, сезімді қозғамайды, жаныңның тереңінде жасырынып жатқан ойға да тамызық бола алмайды. Бұл – жай өлең. Оқисың да қоясың. Екінші өлең салған жерден баурап әкетеді. Сезіміңді селк еткізеді. Жүрек пернесін дәл басады. Ойға батырады. Көңіліңді толқытады. Жан әлеміңнің астан-кестеңін шығарып, құйын туғызады. Бұл – шын өлең. Абай атамыз айтқандай, “сөздің патшасы”, “сөз сарасы” деген ұғымға саятын, міне, осылар.
Осы тұста менің ойыма ұлттық сөз өнерінің тереңінен маржан терген ақын Қанипа Бұғыбаеваның:
“…Қалам алсаң қолыңа, ойла, балам,
Олар сөзбен “сылдырмақ” ойнамаған.
Сезім сатып, базарға көзін сатып,
Бәзбіреудей “пайдасын” ойламаған….
…Жолға шықсам, күш алып сиынатын,
Менің екі пірім бар – Абай, Қасым.
Кім де болса байқасын, абайласын…”, – деп өрілетін өлең шумақтары оралып тұрғаны. Өлең-сөздің киесін түсінген ақынның айтқаны біздің ойымызбен де қабысып отыр.
Өлең газет бетіне он рет түзетіліп, жүз рет сүзгіден өтіп барып шығатын қатардағы мақала емес. Және оны күнделікті мақала сияқты “жоспарды” орындау үшін жазуға болмайды. “Шын өлең жазылмайды, ақынның еркінен тыс пайда болады”.
Біз өлең өлкесіне енді тәй-тәйлап қадам басып келе жатқан жас ақындарды қуана-қуана қолдап, “бұлақ көрсең, көзін аш” дегендей, олардың жазған дүниелерін газетке жариялап, оқырман қауымға таныстыруды жөн санаймыз. Осы уақытқа дейін басылым бетінен көрінген Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар орталығының ұстазы Аманжол Зағыпардың, С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының қызметкері Нұрислам Әбділдің, жас талант Диас Аяғанның аяқ алыстары қуантады. Олардың облыстық, республикалық деңгейлерде ұйымдастырылып жүрген жыр сайыстарында алғы шептен көрініп, маңдайалды ақындар тарапынан жылы лебіз естіп жүргендеріне тілеулес болып, сүйсінеміз. Ал керісінше, “шөп те өлең, шөңге де өлең” дегенді алға тартып, халыққа мөлдір жырынан бұрын аты мен атағын жеткізуді көздейтіндердің ісін құптау қазақтың қара өлеңіне жасаған қастандық емей немене!
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.