Алдымызда тұрған ауқымды міндеттерден және атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардан түйетініміз – жұмыспен қамту қашанда өзекті мәселе, тұрақты жұмыс орындарын құруды басты назарға алу қажеттігін бір сәт те естен шығармауға тиіспіз. Әрбір азаматтың несібесі – кәсібінде, маңдай термен адал атқаратын еңбегінде, теріп жейтін жемісінде екенін жақсы түсінеміз. Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында қазіргі күрделі жағдайда жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу жайына айрықша тоқталды. Бұл ретте бәсекеге қабілеттілігімізді көрсететін артықшылығымызға және нақты мүмкіндіктерімізге сүйену керектігін атап көрсетті.
Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары Президент Жолдауымен астарлас. Өңір тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын ашу, еңбек күшін тарту маңызды мәселе. Бес жылдың ішінде 26 мың жаңа жұмыс орнын құру, 1,3 трлн. теңге жеке инвестиция тарту міндеті тұр. Өңір аумағындағы экономикалық белсенді тұрғындар саны 300 мыңның шамасында екенін ескерсек, инвестиция тартудың, жаңа өндіріс пен жұмыс орындарын ашудың маңызы зор. Бүгінде облыста жұмыспен қамтылғандар 286 мың адам болса, жұмыссыздар – 15 мың, яғни 5,1 пайыз деңгейінде.
Үкіметтің соңғы отырысында жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру барысы қаралып, бұл мақсатқа тағы 300 млрд. теңге бөлінгені, осы қаражат тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, шағын және орта бизнесті қаржыландырудың тиімділігін арттыру, өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту салаларына бағытталғаны айтылды. Алқалы жиында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асырудың нәтижесінде былтыр 36 млрд. теңгеге 360 жоба іске қосылғанын, бөлінген қаржының 5 әлеуметтік маңызы бар нысанды салуға, 143 әлеуметтік маңызы бар нысанды жөндеуге, сондай-ақ 50 ауылды абаттандыруға жұмсалғанын жеткізді. Биыл 39 млрд. теңгенің 12 жобасы іске асырылады.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасына 23650 адам қатысса, 70 пайызы – ауылдықтар. Еңбек нарығындағы сұраныс, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру талаптары ескеріле отырып, өткен жылы 30126 адам жұмысқа орналастырылды. Олардың арасында ұзақ уақыт бойы жұмыс істемегендер, кәсіби біліктілігін жетілдіргендер, тәжірибесі жоқ жастар аз емес. Тарқата айтатын болсақ, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша 426 қатысушы білім алды. Кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 542 адам жіберілді. 511-і оқуын аяқтап, 444-і жұмысқа орналастырылды. Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты аясында 2,8 млрд. теңгенің 656 несиесі берілді. “Бастау” жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздері курстарына 938 адам жіберілді. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 874,2 млн. теңге қарастырылып, 1639 грант ұсынылды. Бағдарламаның “Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту” бағыты аясында әлеуметтік жұмыс орындарына 567, жастар практикасына 821, қоғамдық жұмыстарға 4802 адам жіберілді. 2020 жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы” шеңберінде 36 млрд. 151 млн. теңге қаржы бөлініп, 360 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. 6893 жұмыс орны құрылып, 3451 адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы орналасты.
Жасыратыны жоқ, коронавирустық індеттің салдарынан туындаған әлемдегі қаржылық дағдарыс еңбек нарығына айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр. Соған қарамастан қиындықтарды еңсерудің мүмкіндіктері жан-жақты іздестіріліп, биыл 8510 адам жұмысқа тұрып, 3148 жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіптік және техникалық мамандықтар бойынша оқыту одан әрі жалғасын тапты. 327,4 млн. теңгеге 61 кредит берілді. Тұтастай алғанда, “Жұмыспен қамтудың жол картасын” орындау үшін 14 инфрақұрылымдық жоба қолға алынады. Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайыздан аспайтын болады.
Ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға жете көңіл бөлінеді. Жұмыссыздар санын азайтудың басқа да жолдары қарастырылады. Жобаларды іріктеу кезінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру шараларының ішінде кедейшіліктің өсуіне жол бермеу алғы мақсат саналады. Бүгінгі күні 11 мың адам тұрмысы төмен тұрғындар санатына жатады. Жыл басынан бері 2485 отбасына 809,7 млн. теңгенің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмегі көрсетілді. Бұдан бөлек, атаулы күндерге орай 20828 адамға 700 млн. теңгенің әлеуметтік жәрдемі берілді.
Жолдауды жүзеге асыру үшін еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды ыңталандыруға, демографиялық теңгерімсіздіктің және кері көші-қон сальдосының әсерін азайтуға бағытталған бірқатар жұмыстар қолға алынды. Қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға, жаңа орынға бейімдеуге жағдай жасау үшін көшуге берілетін бірреттік жәрдемақы мөлшерін 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін көбейту жөнінде шешім қабылданды. Бұл 2025 жылға таман 10 мыңнан астам жұмыс күшін тартуға мүмкіндік берері сөзсіз. “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасының теріскей жақтарда еңбек нарығын нығайтуда, кадр тапшылығын жоюда, халық санын көбейтуге ықпалы айтарлықтай. Былтыр жұмыс күші көп өңірлерден 590 отбасы қоныс аударып, орналастырылды. Отбасының әр мүшесіне бірреттік демеуқаржы төленді. Басқа да жәрдемдер көрсетілді. Биыл 162 отбасы көшіп келді. Баспанамен қамту, жер телімдерін бөлу, жұмысқа орналастыру сияқты шаралар уақтылы атқарылатын болады.
Алмаз ҚОШМАНОВ,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.