Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромында ат жарысы маусымы ашылды. Биылғы алғашқы аламанды тамашалауға келген облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов барлық қатысушыларға өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізді.
– Ат жарысы – ұлтымыздың төл спорт түрі. Салтымызбен біте қайнасқан, көненің көзіндей бұл өнерге өңірімізде ерекше көңіл бөлінеді. Пандемияға қарамастан бәйгелер ұйымдастырылып, жерлестеріміз барлық сақтық ережелерін ескере отырып түрлі жарыстарға қатысып жүр. Өңірімізде қазақтың ұлттық спорт ойындары қайта жаңғырып, кеңінен өріс алуда. Биылғы дода еліміздің түкпір-түкпірінен атбегілерді жиып отыр. Жарыс тартысқа толы болатынына сенімдімін, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Бұл жолғы жарысқа өңіріміздің аудандары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Семей және Қарағанды қалаларынан келген 60-қа жуық шабандоз қатысты. Бағдарламаға сәйкес алты қашықтық бойынша жүзден жүйріктер анықталды. Атап айтқанда, шабандоздар желіс аттарының жарысы, жорға, ұшқыр және аламан бәйге бойынша сынға түсті.
Бәйгенің бас төрешісі Арман Қабдоллаевтың айтуынша, мұндай дода пандемия басталғалы өңірімізде бірінші рет өтіп отыр.
– Жорға жарысында “Реваншты” тізгіндеген Александр Корнилов жеңіске жетті. “Ұшқыр бәйгеде” Дмитрий Волков “Демиш” атымен алтыннан алқа тағынды. Ал көптің делебесін қоздырған аламан бәйгеде ақжарлық Дамир Даниярдың “Тарланы” мәреге бірінші болып келді, – деді жарыстың бас төрешісі.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.