«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Шөп те өлең, шөңге де өлең”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жүз жылдық жылнамасы қат­талған қарашаңырақ – облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті осы уақыт бедерінде талай қалам­гердің тұсауын кесіп, әдебиет әлемінде бақ жұлдызын жар­қыратты. Оны басылымның сар­ғайған беттерінде қолтаңбасы қалған авторлардың туынды­ларынан аңғаруға болады. Га­зетіміздің қағаз бен қаламды се­рік еткен журналистердің бір­неше буынын тәрбиелеп шыға­рып, жан сырын өлеңге бүкпесіз жайып салуды мұрат еткен ақындардың алғашқы қадамда­рына сүйініш танытып келе жат­қанынан да көкірегі ояу, көзі қа­рақты оқырман хабардар. Иә, бұл бір ғасырлық тарихы бар байыр­ғы басылымның қадасын қағып, уығын нықтап, шаңырағын шал­қақ ұстаған марғасқа Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Сәбит Мұ­қанов сынды алаштың арда ұл­дары салып кеткен сара жолдың бүгінге дейін арқауының үзілмей отырғанының бір дәлелі.

Жүректен шыққан жырларын редакциямызға ұсынып, газет бетінде жариялауды өтінетіндер­дің қатары қазір де толастаған емес. Біз бұған қуанбасақ, рен­жімейміз. Өйткені “халықтың құлағы һәм тіліне” баланатын ба­сылымымыздың мәртебесі қай кезде де патша көңілді оқырман­дарымызбен биік, мерейі үстем. Редакциямыздың поштасына түскен әдебиетке қатысты дүние­лерге, эсселер мен әңгіме­лерге, өлеңдер мен толғау­ларға әркез сын көзбен, газеттің талғамы мен талап деңгейі тұр­ғысынан қарау­ға тырысасың. Соң­ғы уақытта біздің поштамызға ке­ліп жататын хаттардың, соның ішінде өлең­дер­дің сапа жағынан сын көтер­мей отырғаны жасырын емес. Олардың біразының газет бетіне жарияланбай, электронды нұсқа күйінде поштамыздың қор­жы­нын­да қалып жататынының да не­гізгі бір себебі осы.

Жалпы қазақ әлімсақтан өлең­шіл халық қой. Өлең сөзге кел­генде қаражаяуы аз. Ал поэзияны зерттеушілер өлеңді шын және жай деп екіге бөліп қарастырады. Өкініштісі де сол, біздің редак­циямызға келіп түскен өлеңдер­дің дені екінші санатқа жатады, шын поэзияның жүгін көтереді-ау дегендері некен-саяқ. Әдеттегі жаппай жазылып жататын, оқып шыққан соң есте қалмайтын жай өлең мен оқыған адамның жүрек қылын шертіп, рухын оятатын шын өлеңнің бір-бірінен айырма­сы жер мен көктей. Өлеңнің ұйқа­сы дұрыс, тармағы мен буын са­ны келіскен, теңеулері қисынды, бәрі орнында сияқты. Бірақ кө­ңіліңді тебірентпейді, сезімді қозғамайды, жаныңның тереңін­де жасырынып жатқан ойға да тамызық бола алмайды. Бұл – жай өлең. Оқисың да қоясың. Екінші өлең салған жерден бау­рап әкетеді. Сезіміңді селк еткі­зеді. Жүрек пернесін дәл басады. Ойға батырады. Көңіліңді толқы­тады. Жан әлеміңнің астан-кес­теңін шығарып, құйын туғызады. Бұл – шын өлең. Абай атамыз айтқандай, “сөздің патшасы”, “сөз сарасы” деген ұғымға саятын, міне, осылар.

Осы тұста менің ойыма ұлттық сөз өнерінің тереңінен маржан терген ақын Қанипа Бұғы­бае­ваның:

“…Қалам алсаң қолыңа, ойла, балам,

Олар сөзбен “сылдырмақ” ойнамаған.

Сезім сатып, базарға көзін сатып,

Бәзбіреудей “пайдасын” ойламаған….

…Жолға шықсам, күш алып сиынатын,

Менің екі пірім бар – Абай, Қасым.

Кім де болса байқасын, абай­ласын…”, – деп өрілетін өлең шумақтары оралып тұрғаны. Өлең-сөздің киесін түсінген ақын­ның айтқаны біздің ойымыз­бен де қабысып отыр.

Өлең газет бетіне он рет түзе­тіліп, жүз рет сүзгіден өтіп барып шығатын қатардағы мақала емес. Және оны күнделікті мақала сияқты “жоспарды” орындау үшін жазуға болмайды. “Шын өлең жазылмайды, ақынның еркінен тыс пайда болады”.

Біз өлең өлкесіне енді тәй-тәйлап қадам басып келе жатқан жас ақындарды қуана-қуана қол­дап, “бұлақ көрсең, көзін аш” де­гендей, олардың жазған дүние­лерін газетке жариялап, оқырман қауымға таныстыруды жөн са­наймыз. Осы уақытқа дейін басы­лым бетінен көрінген Ерік Асқа­ров атындағы облыстық ақындар орталығының ұстазы Аманжол Зағыпардың, С. Мұқанов атын­да­ғы облыстық қазақ-сазды драма театрының қызметкері Нұрислам Әбділдің, жас талант Диас Аяған­ның аяқ алыстары қуантады. Олардың облыстық, республика­лық деңгейлерде ұйымдасты­ры­лып жүрген жыр сайыстарында алғы шептен көрініп, маңдайал­ды ақындар тарапынан жылы ле­біз естіп жүргендеріне тілеулес болып, сүйсінеміз. Ал керісінше, “шөп те өлең, шөңге де өлең” де­генді алға тартып, халыққа мөлдір жырынан бұрын аты мен атағын жеткізуді көздейтіндердің ісін құптау қазақтың қара өлеңіне жасаған қастандық емей немене!

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp