«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙҒЫЛЫ КЕЗЕҢ ескерткіш болып оралды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы сталиндік қызыл террор салдарынан қаншама адам саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Зобалаң жылдар зардабын тартқандардың бірі жер аударылса, енді бірі ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандар біздің өңірімізде де аз болмады. Солардың қатарында Барлыбаевтар әулеті де бар.

Сабыр Барлыбай мен Ысқақ, Көшімбай ұрпақтары зұлмат жылдары солақай саясаттың кесірінен жат жерді паналаған ата-бабаларын еске алып, облыс орталығындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал жанында ескерткіш орнатты. Бұл шараға қатысқан Жақсылық Ысқақов, Болат Сағындықов, Зейнолла Олжабаев сынды ақсақалдар алдымен қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалға гүл шоқтарын қойып, ата-баба рухына тағзым етті.

– XX ғасырдың 20-50 жылдарында саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең болып саналады. Кезінде біздің ата-бабаларымыз солтүстік өңірде лауазымды қызмет атқарып, халықтың ортасында еңбек етті. Алайда қасіретті жылдары талай зұлымдықтың зардабын тартты. Кеңес өкіметінің қысымшылығын көрген Барлыбаевтар әулетінің дүние-мүлкі 1921 жылы тәркіленген. 1928 жылы екі отбасынан 12 адам Ақтөбе облысына жер аударылды. Кейін әртүрлі жағдаймен отбасы мүшелерінің тең жартысы ғана елге оралды.

Қуғын-сүргін жылдары қудаланған Барлыбаевтың балалары мен немерелеріне ешқандай аяушылық болмады, – деген Әлти Барлыбаевтың ұрпағы Аймағамбет Сабырұлы жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектер тарихтың ақтаңдақ беттерін біліп, ата-бабаларын мәңгі есте сақтауы тиіс екенін атап өтті. Сондықтан ол бұл шараның кейінгі ұрпақ үшін маңызы зор екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шаралардың қолға алынуы – тарихи әділдікті қалпына келтіруде оң іс болғанын жеткізді.

Әлти Барлыбаев 1925 жылы көз жұмса, ұрпағы 1928 жылы Ақтөбе облысына жер аударылғаны тарихи деректермен дәлелденген. Отағасы Сәдуақас, әйелі Құлжамал, ұлы Сәруар, қыздары Малика, Қағида, кіші інісі Сейтахмет, әйелі Маржан балаларымен: Сабыр, Сермағамбет, Әлмағамбет, Әнуар және қызы Қабиба бес күннен кейін Ақтөбе облысының Қаратоғай станциясының жанындағы ауылдардың біріне түсіріледі. Көшірілгендер терезелері мен есіктері жоқ, қыста мүлдем жарамсыз суық үйлерде тұрады. 1946 жылы бұл отбасы толығымен Дроновка ауылына көшіп, 1948 жылы Түменнің Қызыл ту елді мекеніне оралды. Арада 20 жыл өткен соң ғана туған жердің топырағын басты. Бұл деректер Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяғанның мақаласында да (“Soltüstık Qazaqstan” газеті, 2021 жыл №57) келтірілген болатын.

– Нақақтан жала жабылып, дүние-мүлкінен айырылған Барлыбаевтар жер аударылып, сұрқия саясаттың құрбаны болды. Қазақтардың көбі Арал теңізіне, Барса-келмеске айдалды. Сондықтан ұрпақ жадында ата-баба ерлігі мен есімі ұмытылмауы тиіс. Қазақта “Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі” деген сөз бар. Осындай шараны ұйымдастырып, ата-баба рухына тағзым етіп, ескерткіш орнатқан Барлыбаевтар әулетінің бұл ісі көпке үлгі, – деді облыстың құрметті азаматы, еңбек ардагері Жақсылық Ысқақов.

Шара соңында Сабыр Барлыбай мен Ысқақ, Көшімбай ұрпақтары ата-бабаларының рухына Құран бағыштап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp