«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚТЫҢ АЙБАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат” мақаласында: “Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты”, – деп атап көрсетті. Иә, кез келген мемлекеттің дербестігі мен тәуелсіздігін айқындайтын, біртұтастығын бейнелейтін айшықты белгілері болады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұран ел дамуының ажырамас бөлігі, республика жұртшылығын бір арнаға, ортақ мақсатқа біріктіруші символдық нышан болып табылады. 1992 жылы 4 маусымда еліміздің жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Ал “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы” Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы заңға сәйкес 4 маусым жыл сайын бүкілхалықтық мереке ретінде жоғары деңгейде атап өтіледі.

Қазақ елінің мемлекеттік рәміздерінің тарихы тереңнен басталады. Ал әлем картасына Қазақстан деген атпен еніп, ойып тұрып орын алған еліміздің рәміздерінің жаңа технологиямен, тың көзқараспен, озық идеямен, шығармашылық шабытпен туғаны көңілге қуаныш, кеудеге мақтаныш сезімін ұялатады.

Мемлекеттік рәміздерді қолдану мәселелері 1996 жылы 24 қаңтарда қабылданған “Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы” Конституциялық заңымен реттеледі. Өндірушілердің мемлекеттік рәміздерді дайындаудағы жауапкершілігін арттыру, қолдану және орналастыру тәртібін қатаң сақтауды қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол Заң бойынша республика азаматтары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуге міндетті.

Қазақстанның Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсын ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктей өтеді. Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнелері алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2. Байрақ бетіне әр-түрлі нышандардың суретін салу – бұрыннан бар үрдіс. Туымыздағы нұр шұғылалы алтын күн бейнесі қыран көңіл халқымыздың асыл арманын арқалаған дала бүркіті мен рухани болмысымыздың жар­қын бір көрінісі болып табылады. Ұлттық өрнек – айтары мол астар­лы айшықтар. Күн образы – байлық пен берекенің белгісі. Оның графикалық бейнеленуі (шеңбер) өміршендіктің нышаны деп саналады. Мемлекеттік Туды даралап тұрған тағы бір таңба – оның сабына таяу тік тартылған ұлттық өрнекті (қошқар мүйіз) жолақ. Бұл өрнек – сонау сақ дәуірінен қалған белгі.

Елтаңба – бүкіл әлем мойындаған мемлекеттіліктің ерекше маңызды үлгісі. Таңба-бойтұмар Түрік қағанаты кезінде қолданыла бас­таған. Махмұд Қашқаридың “Түрік тілінің сөздігі” еңбегінде бұл термин әміршіні ерекшелендіретін белгі ретінде түсіндіріледі. Таңба тайпаның, рудың, отбасының және тағы басқа да меншікті білдіретін белгінің қызметін атқарған. Онымен жануарларды да таңбалаған. 1867-1868 жылдардағы әкімшілік-аумақтық реформа нәти­жесінде Қазақстанда қалалар мен облыстардың елтаңбалары пайда болды. Ресей империясының құрамына кірген еліміздегі облыстар мен қалаларда біртұтас елтаңба үлгісі қолданылды. Ресей империясы заңдарының толық жинағында Қазақстанның бірқатар облыстары мен қалалары (16 уездік және округтік қалалар) елтаңбаларының үлгісі келтіріледі. Қазақстанда ең бірінші болып 1842 жылғы 7 қыркүйекте ресми түрде Петропавл қаласының елтаңбасы бекітілді. Елтаңбада түйе жетектеген көшпенді бейнеленген.

Қазақстан Республикасының Елтаңбасы дөңгелек пішінді және көгілдір түсте күн сәулесі шашырап тұрғандай әсер қалдыратын шаңырақтын суреті салынған. Шаңырақтын оң және сол жағында мифтік қанатты пырақ бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде үлкен бес бұрышты жұлдыз кескінделген, ал төменгі жағында алтын түспен жазылған “QAZAQSTAN” деген сөз бар. Елтаңбаның бейнесі “Қазақстанда өмір сүріп жатқан халықтың Отаны – бір, Қазақстан – біздің ортақ үйіміз” деген мағынаны береді. Шаңырақтың мықтылығы уықтардан тұратыны сияқты мем­лекеттің болашағы бірлік пен татулықтан құралады. Тәуелсіз Қазақстан Елтаңбасының авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Әнұран – бұл дыбыстық рәміз. “Гимн” сөзінің мағынасы “салта­натты ән” дегенді білдіреді. 2006 жылы жаңа Мемлекеттік Әнұран бекітілді. Оның негізіне халыққа танымал патриоттық ән – “Менің Қазақстаным” алынды. Әнұран сөзінің авторлары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Жұмекен Нәжімеденов. Әні – Шәмші Қалдаяқовтікі.

Мемлекеттік рәміздер зайырлы Қазақстан идеологиясының басты бағыттарын, ақыл-ой қуатын көрсетеді. Барша қазақстандықтарды ұлттық мақтанышқа бөлейді.

Бағдат МҰҚАНОВА,

облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp