Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Қазақстан туберкулез дертіне шалдыққандар саны жоғары елдердің қатарына жатады. Өңірде басқа аурулармен салыстырғанда қатерлі ісік және құрт ауруымен науқастану көрсеткіші жоғары екені де жасырын емес. Әлемді әлекке салған қазіргі жағдайда туберкулезбен күрес тіпті өзекті. Аурудың алдын алу, тұрғындарға сапалы медициналық көмек туралы облыстық фтизиопульмонология орталығының (туберкулез диспансері) бас дәрігері Қаныш Бижановпен әңгімелескен едік.
– Қаныш Болатұлы, алдымен өзіңіз басқарып отырған медициналық орталықтың ахуалымен таныстырып өтсеңіз.
– Тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуде туберкулез ауруымен күрес ерекше маңызға ие. Өйткені туберкулез тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елінде қоғамдық денсаулық сақтаудың өзекті мәселесі болып отыр. Бұл ретте туберкулездің 10 қауіпті аурудың қатарына жататынын айту қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша соңғы он жылда (2000-2019 ж.ж) құрт ауруына шалдыққан науқастарды диагностикалау мен емдеудің нәтижесінде 60 миллион адамның өмірі құтқарылды. Бұл дертпен күрес біздің елімізде де жүйелі түрде жолға қойылған. Соның ішінде облыстық фтизиопульмонология орталығында да науқастарды емдеу ғана емес, аурудың алдын алу бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазір орталықта 43 дәрігер, 200-ден астам орта буын медициналық қызметкері жұмыс істейді. Маман тапшылығы жоқ. Десе де дәрігерлердің жүктемесін азайту үшін қосымша рентгенолог, реаниматолог қажет.
Туберкулез – емделетін ауру. Дұрыс диагноз қою, дер кезінде ауруды анықтау дерттің бетін қайтаруға мүмкіндік береді. Ауру асқынып кетпеуі үшін жүйелі түрде скринингтік тексерулерден өтіп, диагностикалау шараларын жүргізу тиімді. Ауруды ерте кезде анықтау үшін біздің орталықта G-xpert сынды екі заманауи медициналық кешен бар. Үстіміздегі жылы G-xpert әдісі бойынша 442 адам тексерілуден өтіп, 53 адамда ауру анықталды. Мұндай аппарат Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы, Жамбыл, Есіл аудандарында да орнатылды. Науқастар бұрынғыдай сараптама қорытындысын бірнеше күн сарыла күтпейді. Екі сағаттың ішінде қорытынды дайын болады. Мұндай жаңашылдықтар дәрігерлердің жұмысын біраз жеңілдетті. Сонымен қатар, медициналық ұйымда туберкулездің жедел бактериологиялық диагностикасын жүргізу үшін BD Bactec анализаторы бар. Сараптама қорытындысы нәтижесінде науқасқа бірден емдік шаралар тағайындалады.
– Аурудың алдын алу мақсатында жүргізілген зерттеулердің қорытындысы қандай? Өңірде соңғы бірер жылда бұлт ауру қанша адамнан анықталды?
– Петропавл қаласынан басқа облыс орталығынан шалғайдағы Ғабит Мүсірепов атындағы, Мағжан Жұмабаев аудандарында туберкулезге шалдыққан науқастарды емдеумен айналысатын стационарлар бар. Бұрын барлық ауданда осындай орталықтар жұмыс істеді. Алдағы уақытта Мағжан Жұмабаев ауданындағы стационарды оңалту орталығы ретінде қайта құру жоспарланып отыр. Онда өкпе ауруларына шалдыққан науқастар спортпен шұғылданып, тұз шахтасында ем алады. Соңғы он жылда түбегейлі өзгерістер орын алып, ауру көрсеткіші біршама азайды. Аудандардағы стационарларды қысқартуымыздың да себебі осы. Жалпы аурудың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Емханалармен де тығыз байланыстамыз. 2020 жылдың қорытындысы бойынша сырқаттанушылық көрсеткіші 36,4 пайызға төмендеп, аурудың 219 жаңа жағдайы тіркелді. 2019 жылы бұл дертке шалдыққандар саны 348 адамды құрады. Ал үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында ауру көрсеткіші 2,4 есе азайды. Яғни, 32 өңір тұрғынынан ауру анықталды. Өткен жылы 328564 адам флюорографиялық тексеруден өтті. Нәтижесінде 123 адамның қауіпті дертке шалдыққаны белгілі болды. Ал соңғы үш айда 60 мыңнан астам тұрғын тексеріліп, 21 адамнан ауру анықталды. Бүгінде стационарда шамамен 80 адам ем алуда.
– Туберкулезді емдеудің жаңа әдістері туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінде медицина көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Жаңаша емдеу, заманауи құралдардың көмегімен денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер байқалуда. Бұрын туберкулездің ашық және жабық түріне шалдыққан науқастардың барлығы ауруханаға жатқызылып, оларға ем қабылдау міндетті болды. Қазір жұқпалы емес өкпе ауруын үй жағдайында емдеу ұсынылады. Бұл біріншіден, науқастың көңіл күйін қалыпқа келтіріп, тез сауығып кетуіне ықпал етеді. Қанша дегенмен ауруханадағы ахуал басқаша ғой. Сонымен қатар бұрындары науқастар бірнеше ай, тіпті бірер жыл ауруханада жатуға мәжбүр болатын. Бүгінде емдеу курсы қысқарды. Әрине, барлығы науқастың денсаулығы мен аурудың деңгейіне байланысты. Асқыну, күрделі жағдайлар орын алса, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы әріптестеріміздің ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Қашықтан басқарылатын телемедицина да оң жолға қойылды.
– Қандай ауру болса да, өлім-жітімнің орын алуы қалыпты құбылыс. Бұл орайда, облыста туберкулез ауруы бойынша өлім-жітім көрсеткіші қандай? Сонымен қатар, науқастарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қалай шешімін табуда?
– Қысы қытымыр, ауасы салқын солтүстікте өкпе ауруларына шалдығушылар санының басым болуы заңдылық. Бірақ облысымызда туберкулезден болатын өлім-жітім республикалық көрсеткіштен төмен. 2020 жылы 20 адам қайтыс болса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 15 пайызға азайды. Елімізде туберкулезге шалдыққан науқастар тегін емделеді. Сондықтан барлық дәрі-дәрмек тегін беріледі. Жыл сайын дәрі-дәрмек сатып алуға 150 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бірыңғай дистрибьютор “СК-Фармация” арқылы жеткізіледі. Дәрі-дәрмек қоры 3-6 айға дейін жеткілікті.
– Коронавирус әлем елдерін алаңдатып отыр. Медицинасы озық елдердің өзі бұл дертпен күреске қауқарсыздық танытты. Облыстық фтизиопульмонология орталығына пандемияның тигізген әсері қандай?
– Қауіпті індеттің таралуына байланысты біздің орталықта коронавирус инфекциясымен күрес күшейді. Бүгінде қатерлі инфекция жұқтырған науқастар стационарда ем қабылдауда. Сақтық шаралары аясында медициналық қызметкерлердің арасында қауіпті инфекция жұқтыру орын алған жоқ. Өйткені біздің орталықта мамандар үнемі карантин режімінде жұмыс істейді. Сол себепті пандемияда карантин талаптарын сақтау біз үшін қалыпты жағдай. Дегенмен әр адам сақтық шараларын ұстануы тиіс. Сондықтан тұрғындарды өз өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
Сұхбаттасқан
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.