«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Елді сағынғанда”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үкілі Ыбырайдың “Елді сағын­ғанда” әні енді бір шамалы уақыт болғанда ұмы­тылып, ескерусіз қалар еді. Десе де жер­лесіміздің туындысы тарих тұңғиығына кет­пей, уақытылы қағазға түсіріліп, сақ­талып қалды. Бұл әннің шығу та­рихы жайлы есімі елімізге белгілі дәстүрлі әнші Ерлан Тө­леутай мы­надай құнды дерек келтіреді. “Әнді Гүлсім Бәйтенова Зейнолла Ома­ровтан жазып алған. Бұл әнінде Ыбырай 1920 жылдардағы колчак­шылардың жер­гілікті халыққа көр­сеткен зорлық-зомбылығын, сон­дай-ақ 1928-1930 жылдары мал-мүлкі тәркіленіп, туған жерінен кетуге мәжбүр болған, шет жерде жүрген жер­лестеріміздің көңіл-күйін суреттейді”.

 “Үкі­лі Ыбы­­рай” жинағында Ерлан Төлеу­тай “1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастау ал­ған Азамат соғы­сын қазақ “қызыл қашып, ақ қуған, ақ қашып, қызыл қуған заман” ретінде суреттейді. Осы кездегі ақ гвар­дияшы­лардың қолбасшыларының бірі – Колчактың ылаңын Үкілі Ыбырай көзбен көр­ген сияқты. Сонымен қатар осы уақыт­тарда елден кетiп, бой тасалап жүрген бе деп ойлаймыз. Тағы да бір айта кететін жайт, бұл әнде Үкілі Ыбырайдың кеңес үкіметіне наразылығы сезі­леді. Соған қа­рағанда композитор аталмыш әнге бай­ларды кәмпес­келеу науқаны жүргізілген 1928-1929 жылдары қайта айналып со­ғып, тыңнан өлең жолдарын қосқан тә­різ­ді. Егер Гүлсім Бәйтенова Зей­нола Ома­ровтан бұл әнді осылай дер кезінде жазып алмаса, “Елді сағынғанда” біржола ұмы­тылған­дай екен. Себебі “Елді сағынғанда” әні туралы бұдан өзге дерек еш жерде кездеспейді. Үкілі Ыбырайдың “Сүйгенім” әнінің тарихын 1981 жылы музыка зерт­теушісі Ілия Жақановқа айтып берген де Зейнолла ақсақал екенін аңғарамыз.

“Елді сағынғанда” осы уақытқа дейін мүлде айтылмай келген әндердің бірі еді. 2012 жылдың 3-ші маусымында Алма­тыда, журна­лист әрі ғалым iнiмiз Арман Әубә­кір басқаратын “Адырна” ұлттық-этнографиялық бірлестігі қоғам­дық қоры­мен бірге “Ханнан да қа­дірлімін туған елге” атты Үкілі Ыбы­рай шығармашылығына арналған әдеби-сазды лекция концерт ұйым­дастырдық. Ғабит Мүсірепов атын­дағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық балалар мен жасөспі­рімдер театрында өткен бұл ән кеші есте қаларлықтай маз­мұнды болды. Бұл концерттің басты та­бысы – бұрын Үкілі Ыбырайдың еш жерде айтылмай келген онға жуық әнінің тұңғыш орындалуы бол­ды. Солардың ішінде Үкілі Ыбы­райдың осы “Елді сағынғанда” шы­ғармасы көрнекті әншіміз Жола­ман Құ­жимановтың орындауында алғаш жа­рыққа шықты”, – деп жазады Ерлан Төлеутай.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp