Үкілі Ыбырайдың “Елді сағынғанда” әні енді бір шамалы уақыт болғанда ұмытылып, ескерусіз қалар еді. Десе де жерлесіміздің туындысы тарих тұңғиығына кетпей, уақытылы қағазға түсіріліп, сақталып қалды. Бұл әннің шығу тарихы жайлы есімі елімізге белгілі дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай мынадай құнды дерек келтіреді. “Әнді Гүлсім Бәйтенова Зейнолла Омаровтан жазып алған. Бұл әнінде Ыбырай 1920 жылдардағы колчакшылардың жергілікті халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығын, сондай-ақ 1928-1930 жылдары мал-мүлкі тәркіленіп, туған жерінен кетуге мәжбүр болған, шет жерде жүрген жерлестеріміздің көңіл-күйін суреттейді”.
“Үкілі Ыбырай” жинағында Ерлан Төлеутай “1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастау алған Азамат соғысын қазақ “қызыл қашып, ақ қуған, ақ қашып, қызыл қуған заман” ретінде суреттейді. Осы кездегі ақ гвардияшылардың қолбасшыларының бірі – Колчактың ылаңын Үкілі Ыбырай көзбен көрген сияқты. Сонымен қатар осы уақыттарда елден кетiп, бой тасалап жүрген бе деп ойлаймыз. Тағы да бір айта кететін жайт, бұл әнде Үкілі Ыбырайдың кеңес үкіметіне наразылығы сезіледі. Соған қарағанда композитор аталмыш әнге байларды кәмпескелеу науқаны жүргізілген 1928-1929 жылдары қайта айналып соғып, тыңнан өлең жолдарын қосқан тәрізді. Егер Гүлсім Бәйтенова Зейнола Омаровтан бұл әнді осылай дер кезінде жазып алмаса, “Елді сағынғанда” біржола ұмытылғандай екен. Себебі “Елді сағынғанда” әні туралы бұдан өзге дерек еш жерде кездеспейді. Үкілі Ыбырайдың “Сүйгенім” әнінің тарихын 1981 жылы музыка зерттеушісі Ілия Жақановқа айтып берген де Зейнолла ақсақал екенін аңғарамыз.
“Елді сағынғанда” осы уақытқа дейін мүлде айтылмай келген әндердің бірі еді. 2012 жылдың 3-ші маусымында Алматыда, журналист әрі ғалым iнiмiз Арман Әубәкір басқаратын “Адырна” ұлттық-этнографиялық бірлестігі қоғамдық қорымен бірге “Ханнан да қадірлімін туған елге” атты Үкілі Ыбырай шығармашылығына арналған әдеби-сазды лекция концерт ұйымдастырдық. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен бұл ән кеші есте қаларлықтай мазмұнды болды. Бұл концерттің басты табысы – бұрын Үкілі Ыбырайдың еш жерде айтылмай келген онға жуық әнінің тұңғыш орындалуы болды. Солардың ішінде Үкілі Ыбырайдың осы “Елді сағынғанда” шығармасы көрнекті әншіміз Жоламан Құжимановтың орындауында алғаш жарыққа шықты”, – деп жазады Ерлан Төлеутай.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.