Манарбек Ержанов – қазақ музыкасының көрнекті өкілдерінің бірі, туа біткен талантының арқасында әншілік, актерлік, композиторлық өнерді бір-бірімен ұштастыра білген сан қырлы дарын иесі.
Халық өнерінің қайнар бұлағынан сусындаған дарын иесі бар ғұмырында қазақ даласын ән-жырға бөлеп өткен Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Әміре, Шашубай сияқты ақын, әнші-композиторлардың дәстүрін жалғастыра білді, олардың әндерін шебер орындаушылардың бірі болды.
Манарбек Ержанов Қарағанды облысының Қоңырат ауданында 1901 жылы дүниеге келді. Әкесі – күйші, зергер, ұста болған. Анасы – Нақбала да әншілігімен ауыл арасына танылған. Болашақ өнер иесінің музыкаға деген құмарлығы анасының ықпалы арқылы ерте оянады. Жас күнінен домбыраға, әнге үйір болды. Бірақ ата-анасы ерте қайтыс болып, жастайынан жетімдік көрді. Оны музыка әлеміне жетелеген ұстазы – әнші әрі күйші Күсенбай еді.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасында ол Алатаудың баурайына келіп, әсем қала – Алматының астана болатынын естиді. 1928 жылы Алматыға қазақтың тұңғыш драма театры келгенде қатты қуанады. Кейін сол театрға жұмысқа қабылданып, белді әртістерінің бірі атанды.
Ол орындаушы ғана емес, композитор. 1939 жылы Композиторлар одағы құрылғанда мүшелікке қабылданды. Манарбек Ержанов өзінің ой-толғамдарын, сезім сырларын ән ғана емес, күй арқылы да өрнектей білді. Қоғамдық құбылыстарды, тарихи мәнді оқиғаларды, өз басынан өткізген өмір өткелдерін жырлады. Ол “Шалқыма” күйінде көмірлі Қарағанды мен мысты Балқаштың күннен-күнге гүлденіп, көркейген келбетін жырласа, “Аққу” күйіне өмірінің біраз уақытын жағасында өткізген Балқаш көліндегі құс төресі – аққу үнін қосады. Ал “Жеңген солдат” күйін Ұлы Отан соғысындағы жеңіске арнады. “Орталық” күйі астана тұрғындарының шат-шадыман өмірі, қаланың әсем сұлулығын көз алдыңа елестетеді. Қазақтың шертпе күй дәстүрінде шығарылған бұл күйлердің көркемдік дәрежесі жоғары, музыкалық тілі оралымды, ұлттық бояунақышқа бай туындылар. “Күсембайға”, “Өрнек”, “Би күйі”, “Шалқар көл”, “Жетісу”, “Балалық шақ”, “Көңіл күйі”, “Жорға”, “Теңіз құстары” шығармалары шертпе күйлердің тамаша үлгілері.
“Манарбектің күйлері бірінен бірі асып жатқан қазына, оркестрге операларға, балеттерге “мені түсір” деп сұранып тұрған үлкен формалар ішінде жаңа саламен сахнаға шығуды аңсап тұрған шығармалар”, – деп жазды академик Ахмет Жұбанов.
Манарбек Ержанов 1953 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармонияда әнші болып, республикамыздың облыс, аудандарын аралап, ұжымшар, кеңшар еңбеккерлері алдында өнер көрсетті. Ел құрметіне бөленді. Содан алған әсерлерін шығармашылығына арқау етті. Соның нәтижесінде композитордың “Қойшы әні”, “Бақыт жыры”, “Еңбек бақыты”, “Әнші Біржанға”, “Колхоз, совхоз кеші”, “Қуанамын”, “Амангелді туралы ән”, “Тарту”, “Шегенің термесі”, “Паровоз” тәрізді туындыларды дүниеге әкелді. Композитордың бір топ шығармасы соғыс кезінде шығарылған. “28 батыр маршы”, “Мәншүк”, “Бейбітшілік маршы”, “Біз жеңеміз” әндері – халқымызды рухтандырған жарқын туындылар.
Композитордың белгілі әндерінің бірі – “Қуанамын”. Бұл әнді ең бірінші рет Күләш Байсейітоваға арнап шығарған еді. Алғашқы орындаушысы да Күләш болатын. “Тың дабылы”, “Сапар тарттық тыңдарға” тың игеру жылдары шығарылса, Түрксіб темір жолының жүргізілуіне орай “Паровоз” әні дүниеге келді. Ол Манарбектің шығармашылығындағы сәтті шыққан туындылардың бірі. Ән Түрксіб темір жолы арқылы қазақ жеріне келген үлкен жаңалықтың лебін бейнелейді. Әннің қуаныш пен шаттыққа толы ашық, жарқын әуенінен халқымыздың ерен еңбегі арқасында Қазақстанда жүзеге асып жатқан ұлы өзгерістердің куәсі болған композитордың көңіл сүйінішін анық сезінесіз. Айшылық жолды алты күнде жүріп өтетін темір тұлпар туралы ән жұртшылыққа тез тарап кетті.
Әннің музыкалық құрылысындағы айрықша атап өтетін ерекшелік – автор мұнда қоңыржай лирика мен термені бір-бірімен шебер қабыстырып, жаңа көркемдік шешім таба білген. Терме ырғағы әннің екпініне екпін қосып, әуенін жаңа бояуреңмен ажарландырып, құлпырта түседі.
Композитор әндерінің ішінде музыкалық тілінің әсерлігімен, оралымды үнімен ерекше дараланатыны – “Қыз Жібек” операсындағы Шегенің термесі. Бұл терметолғаудың қызықты тарихы бар. “Қыз Жібек” операсын жазу үстінде композитор Е.Брусиловский Шеге образына лайықты ән үлгісін таба алмай қиналған соң, Манарбекке “Шеге жөнінде ойланып көрсең қайтеді”, – деп қолқа салады. Сәті түскенде бір кештің арасында-ақ Манарбек домбыра пернелеріне қол жүгірте отырып, Шегенің термесі дүниеге келеді. Халықтың ән дәстүріндегі шығарылған бұл терменің операда Шегенің өз аузынан түскендей естілетініне қайран қаласың.
Манарбек әндері бірінші рет жинақ болып 1961 жылы “Әндер, хорлар”, 1984 жылы “Қуанамын” деген атаумен топталып шықты. Ол барлығы 25 ән, 9 күй шығарды.
Талантты әнші, шебер күйші, актер, композитор Манарбек Ержановтың қазақ музыкасын өркендету саласындағы еңбегі жоғары бағаланды. Ол 1936 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, 1938 жылы Халық әртісі деген құрметті атаққа ие болды. Еңбек Қызыл Ту, екі рет “Құрмет белгісі” ордендерімен, “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен марапатталды. Өзінің бар шығармашылық күш-қайратын өнердің өркендеп, өсу жолына арнаған Манарбек Ержановтың есімін осы салада жүрген жандар жақсы біледі десек қателесе қоймаспыз.
Шыны керек, соңғы кездері халқымыздың өнері мен әдебиетінің, төл мұраларының дамуына атсалысқан, бар ғұмырларын сол жолда сарп еткен тұлғалардың есімдерін жас ұрпақ арасында насихаттау жұмыстары солғын тартып барады. Ұлт жанашырларының есімдерін ел көлемінде ұлықтау, өнерлерін дәріптеу мақсатында атқарылып жатқан шаруалар некен-саяқ. Қазақ өнерін тұғырға көтерген азаматтардың ескерусіз қалып жатқаны көңілге кірбің түсіреді. Талантты тұлғалардың кейінгі ұрпаққа өнеге болар өміршең туындылары халық жадынан өшпеуі тиіс. Тым болмаса биыл 120 жылдық мерейтойы аясында тағылымды шаралар өткізіп, тағзым ету абыройлы іс болар еді. Өйткені Манарбек Ержанов Қарағанды өңіріне ғана емес, қазаққа ортақ асыл азамат. Өнердің биігіне құлаш ұрып, қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан осындай тау тұлғалы дарындарды өскелең ұрпаққа үлгі ету – көшелі іс емес пе?
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.