«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЫҢ ҚЫРЛЫ МАНАРБЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Манарбек Ержанов – қазақ музыкасының көрнекті өкілдерінің бірі, туа біткен талантының арқасында әншілік, актерлік, композиторлық өнерді бір-бірімен ұштастыра білген сан қырлы дарын иесі.

Халық өнерінің қайнар бұла­ғы­нан сусындаған дарын иесі бар ғұ­мырында қазақ даласын ән-жырға бөлеп өткен Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Әміре, Шашу­бай сияқ­ты ақын, әнші-компо­зиторлардың дәстүрін жалғастыра білді, олардың әндерін шебер орындаушылардың бірі болды.

Манарбек Ержанов Қараған­ды облысының Қоңырат ауда­нында 1901 жылы дүниеге келді. Әкесі – күйші, зергер, ұста бол­ған. Анасы – Нақбала да әншілі­гі­мен ауыл ара­сына танылған. Бо­ла­шақ өнер ие­сінің музыкаға де­ген құмарлығы анасының ықпалы арқылы ерте оянады. Жас күні­нен домбыраға, әнге үйір болды. Бірақ ата-анасы ерте қайтыс болып, жастайынан жетімдік көр­ді. Оны музыка әле­міне жете­леген ұстазы – әнші әрі күйші Кү­сенбай еді.

Өткен ғасырдың жиырмасын­шы жылдарының ортасында ол Алатаудың баурайына келіп, әсем қала – Алматының астана бо­латынын естиді. 1928 жылы Ал­ма­тыға қазақтың тұңғыш драма театры келгенде қатты қуанады. Кейін сол театрға жұмысқа қа­былданып, белді әртістерінің бірі атанды.

Ол орындаушы ғана емес, ком­по­зитор. 1939 жылы Ком­по­зиторлар одағы құрылған­да мү­шелікке қабыл­данды. Манарбек Ержанов өзінің ой-толғамдарын, сезім сырларын ән ғана емес, күй арқылы да өр­нектей білді. Қо­ғамдық құбы­лыстарды, тарихи мәнді оқиға­ларды, өз басынан өткізген өмір өткелдерін жыр­лады. Ол “Шал­қы­ма” күйінде кө­мірлі Қарағанды мен мысты Бал­қаштың күннен-күнге гүлденіп, көркейген келбе­тін жырласа, “Аққу” күйіне өмі­рінің біраз уақы­тын жағасында өт­кізген Балқаш көліндегі құс төресі – аққу үнін қосады. Ал “Жеңген солдат” күйін Ұлы Отан соғы­сындағы же­ңіске арнады. “Ор­талық” күйі ас­тана тұрғындары­ның шат-шадыман өмірі, қала­ның әсем сұлу­лығын көз алдыңа елестетеді. Қа­зақтың шертпе күй дәстүрінде шыға­рылған бұл күй­лердің көр­кемдік дәрежесі жоғары, музы­калық тілі оралымды, ұлттық бояунақышқа бай туындылар. “Күсембайға”, “Өрнек”, “Би күйі”, “Шалқар көл”, “Жетісу”, “Балалық шақ”, “Көңіл күйі”, “Жорға”, “Теңіз құстары” шығар­малары шертпе күйлердің та­маша үлгілері.

“Манарбектің күйлері бірінен бірі асып жатқан қазына, ор­кестрге операларға, балеттерге “мені түсір” деп сұранып тұрған үлкен формалар ішінде жаңа саламен сахнаға шығуды аңсап тұрған шығармалар”, – деп жаз­ды академик Ахмет Жұбанов.

Манарбек Ержанов 1953 жыл­дан бастап өмірінің соңғы күн­деріне дейін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармония­да әнші болып, республика­мыз­дың облыс, аудандарын ара­лап, ұжымшар, кеңшар еңбек­керлері алдында өнер көрсетті. Ел құрметіне бөленді. Содан ал­ған әсерлерін шығармашылы­ғы­на арқау етті. Соның нәтижесінде композитордың “Қойшы әні”, “Ба­қыт жыры”, “Еңбек бақыты”, “Ән­ші Біржанға”, “Колхоз, совхоз кеші”, “Қуанамын”, “Амангелді ту­ралы ән”, “Тарту”, “Шегенің тер­месі”, “Па­ровоз” тәрізді туынды­ларды дүниеге әкелді. Компо­зитордың бір топ шығармасы со­ғыс кезінде шы­ғарылған. “28 ба­тыр маршы”, “Мәншүк”, “Бейбіт­шілік маршы”, “Біз жеңеміз” ән­дері – халқы­мызды рухтандыр­ған жарқын туындылар.

Композитордың белгілі әндері­нің бірі – “Қуанамын”. Бұл әнді ең бірінші рет Күләш Байсейі­товаға арнап шығарған еді. Ал­ғашқы орындаушысы да Күләш бола­тын. “Тың дабылы”, “Сапар тарт­тық тыңдарға” тың игеру жыл­да­ры шығарылса, Түрксіб темір жо­лының жүргізілуіне орай “Па­ро­воз” әні дүниеге келді. Ол Ма­нар­бектің шығармашылы­ғын­дағы сәтті шыққан туындылар­дың бірі. Ән Түрксіб темір жолы арқылы қазақ жеріне келген үлкен жаңа­лықтың лебін бейне­лейді. Әннің қуаныш пен шат­тыққа толы ашық, жарқын әуе­нінен халқымыздың ерен еңбегі арқасында Қазақ­станда жүзеге асып жатқан ұлы өзгерістердің куәсі болған компо­зи­тордың көңіл сүйінішін анық сезінесіз. Айшылық жолды алты күнде жүріп өтетін темір тұлпар туралы ән жұртшылыққа тез тарап кетті.

Әннің музыкалық құрылы­сын­дағы айрықша атап өтетін ерек­шелік – автор мұнда қоңыржай лирика мен термені бір-бірімен шебер қабыстырып, жаңа көр­кем­дік шешім таба білген. Терме ыр­ғағы әннің екпініне екпін қо­сып, әуенін жаңа бояуреңмен ажар­лан­дырып, құлпырта түседі.

Композитор әндерінің ішінде му­зыкалық тілінің әсерлігімен, ора­лымды үнімен ерекше дара­ла­натыны – “Қыз Жібек” опера­сындағы Шегенің термесі. Бұл терметолғаудың қызықты тари­хы бар. “Қыз Жібек” операсын жазу үстінде композитор Е.Бру­си­­ловский Шеге образына ла­йықты ән үлгісін таба алмай қи­налған соң, Манарбекке “Шеге жө­нінде ойланып көрсең қайтеді”, – деп қолқа салады. Сәті түскенде бір кештің арасында-ақ Манар­бек домбыра пернелеріне қол жүгірте отырып, Шегенің термесі дүниеге келеді. Халықтың ән дәстүріндегі шығарылған бұл терменің опе­рада Шегенің өз аузынан түскендей естілетініне қайран қаласың.

Манарбек әндері бірінші рет жинақ болып 1961 жылы “Әндер, хорлар”, 1984 жылы “Қуанамын” деген атаумен топталып шықты. Ол барлығы 25 ән, 9 күй шы­ғарды.

Талантты әнші, шебер күйші, актер, композитор Манарбек Ер­жа­новтың қазақ музыкасын өр­кен­дету саласындағы еңбегі жо­ға­ры бағаланды. Ол 1936 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, 1938 жылы Халық әртісі деген құрметті атаққа ие болды. Еңбек Қызыл Ту, екі рет “Құрмет белгісі” ордендерімен, “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен марапат­талды. Өзінің бар шығармашы­лық күш-қайратын өнердің өркен­деп, өсу жолына арнаған Манар­бек Ержановтың есімін осы сала­да жүрген жандар жақсы біледі десек қателесе қоймаспыз.

Шыны керек, соңғы кездері хал­­қымыздың өнері мен әдебиетінің, төл мұраларының дамуына ат­салысқан, бар ғұмырларын сол жолда сарп еткен тұлғалардың есімдерін жас ұрпақ арасында насихаттау жұмыстары солғын тар­тып барады. Ұлт жанашырла­ры­ның есімдерін ел көлемінде ұлықтау, өнерлерін дәріптеу мақ­сатында атқарылып жатқан ша­руалар некен-саяқ. Қазақ өнерін тұғырға көтерген азаматтардың ескерусіз қалып жатқаны көңілге кірбің түсіреді. Талантты тұлға­лардың кейінгі ұрпаққа өнеге бо­лар өміршең туындылары халық жа­дынан өшпеуі тиіс. Тым бол­маса биыл 120 жылдық мерей­тойы аясында тағылымды шара­лар өткізіп, тағзым ету абыройлы іс болар еді. Өйткені Манарбек Ержанов Қарағанды өңіріне ғана емес, қазаққа ортақ асыл азамат. Өнердің биігіне құлаш ұрып, қа­зақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан осындай тау тұлғалы дарындарды өскелең ұрпаққа үлгі ету – көшелі іс емес пе?

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp