Газетіміздің оқырманы Берік Бекеновтің: “Мемлекеттік қызметшіге немере ағаларымен (апа-қарындастары), жиендерімен (тәтелерімен) бірге жұмыс істеуге бола ма?” – деген сұрағына мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Гүлжан Жұмағазина жауап береді.
– “Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет туралы” Заңының 13-бабы 7-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметші өзінің жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері), жұбайы (зайыбы) және жекжаттары (жұбайының (зайыбының) ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары және балалары) атқаратын лауазымға тікелей бағынышты лауазымды атқара алмайды. Сондай-ақ жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары тікелей бағынышты қызметте бола алмайды.
Осыған ұқсас норма “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңның 14-бабының 1-тармағында да қарастырылған. Бұл ретте мемлекеттік қызметшінің немере аға-інілері (апа-қарындастары), жиендері, күйеу балалары (келіндері) және т.б.) ол үшін жақын туыстар болып табылмайды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет туралы Заңның 1-бабының 17) тармақшасында мүдделер қақтығысы – мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері өзінің лауазымдық өкілеттіктерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін болатын кездегі мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері мен оның лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық деп белгіленген.
“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңның 15-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады. Тиісінше, туыстарының бір мекемеде жұмыс істеуі, олардың біреуі басшылық лауазымға ие болуы мүдделер қақтығысына әкелуі мүмкін. Бұл ретте мүдделер қақтығысының болуы не болмауы штаттық кестеге, лауазымдық нұсқаулыққа және мемлекеттік органның қызметін регламенттейтін өзге де құжаттарға сүйене отырып айқындалады.