«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Туыстар бір мекемеде қызмет істей ала ма?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Газетіміздің оқырманы Берік Бекеновтің: “Мемлекеттік қызметшіге немере ағаларымен (апа-қарындастары), жиендерімен (тәтелерімен) бірге жұмыс істеуге бола ма?” – деген сұрағына мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Гүлжан Жұмағазина жауап береді.

– “Қазақстан Республикасы мемлекеттік қыз­мет туралы” Заңының 13-бабы 7-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметші өзінің жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері), жұбайы (зайыбы) және жекжаттары (жұбайының (зайыбының) ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары және балалары) атқаратын лауазымға тікелей бағынышты лауазымды атқара алмайды. Сондай-ақ жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары тікелей бағынышты қызметте бола алмайды.

Осыған ұқсас норма “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңның 14-бабының 1-тармағында да қарастырылған. Бұл ретте мемлекеттік қызметшінің немере аға-інілері (апа-қарындастары), жиендері, күйеу балала­­ры (келіндері) және т.б.) ол үшін жақын туыстар болып табылмайды. Сонымен қатар мемлекеттік қыз­мет туралы Заң­ның 1-бабының 17) тармақшасында мүдделер қақтығысы – мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері өзінің лауазымдық өкілеттіктерін орындамауына немесе тиісінше орында­мауына әкеп соғуы мүмкін болатын кездегі мемлекеттік қызмет­шінің жеке басының мүдделері мен оның лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық деп белгіленген.

“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңның 15-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік бе­рілген адамдарға егер мүдделер қақтығысы орын ал­ған болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады. Тиісінше, туыстарының бір меке­меде жұмыс істеуі, олардың біреуі басшылық лауазымға ие болуы мүдделер қақтығысына әкелуі мүмкін. Бұл ретте мүдделер қақтығысының болуы не болмауы штаттық кестеге, лауазымдық нұсқаулыққа және мемлекеттік органның қызметін регламенттейтін өзге де құжаттарға сүйене отырып айқындалады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp