Халқымызды қынадай қырып, баскөтерер игі жақсыларынан айырған саяси репрессияның зардабы бүгінге дейін жойылған жоқ. Оның залалын қазақ қоғамы әлі де тартып келеді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысында осы мәселе қаралды. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қашықтан қатысты.
Осыдан бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Оның құрамына аталмыш жоғары оқу орнындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная кірді. Әр облыстағы өңірлік комиссиялар тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бойынша тыңғылықты жұмыстарды бастап кетті. Ғани Сақтағанұлы өңірлік комиссияның бүгінгі міндеті жазықсыз жала жабылып, өлім жазасына кесілген азаматтарды толық ақтап шығу екенін атап өтті. Конференцияда осы бағыттағы жұмыстардың қорытындылары жарияланды. Саяси репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жобалық кеңсесінің қызметкері Ажар Рахымбекова жиналғандарды осындай жұмысты ұйымдастыру әдістемесімен таныстырды.
– Қайта құру кезеңінен бастап және еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері жазықсыз құрбандарды ақтауға қатысты көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда елде ақталмағандардың ресми саны – 13187 адам. Бұл тек қылмыстық істер рәсімделген азаматтардың тізімі. Бірақ құжаттық растаусыз атылған басқа да адамдар бар. Олар аштықтан қырылғандар, көтерілістерде қаза болғандар, күштеп жер аударылғандар, ұжымдастыру құрбандары және тағы басқалары. Сондықтан олардың есімдері де ұмытылмауы тиіс, – деп атап өтті ол.
Іс-шарада 1917-1930 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістерге қатысушыларды, 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде қазақстандықтардың әскери тұтқындарын, депортацияланған халықтар мен арнайы қоныс аударушыларды, дәстүрлі дін өкілдерін ақтау жөніндегі тақырыптар көтерілді.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің медиаорталығының бас редакторы.