«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҚТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл – Қазақстан Тəуелсіздігінің 30 жыл­дық мерейтойы. 1991 жыл еліміз үшін жаңа дəуірдің басы болды. “Бұл – бостандық, ата-бабамыздың тарихи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағдыры үшін жауапкершілік алу уақыты. Соның барлығын өзіміз басымыздан кешіріп, көзімізбен көрдік. Енді міне, биыл сол 30 жылдықты атап өтеміз. 30 жыл бұрын көпұлтты, көпконфессиялы халқымыз еліміздегі бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарай жылжу үшін тағы бір іргелі таңдау жасады”, – деген болатын Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев “Бірліктің, та­тулық пен келісімнің 30 жылы” тақырыбымен биыл елордада өткен Қазақстан халқы Ас­самблеясының XXIX сессиясында сөйлеген сөзінде.

Ұлттық бірлік – шын мəнінде бəріміздің мақ­тан тұтатын ортақ жемісіміз. Қазақстан бү­гінде көптеген этнос пен конфессия өкілдері­нің туған үйіне айналып отыр. Тəуелсіздіктің елең-алаңындағы елдегі ауыр жағдайға қа­рамастан 1992 жылы Қазақстан халқы Ас­самблеясы атты жаңа институт өмірге келді. Содан бері ұлттық саясаттың арқаулық қағи­даты – Қазақстандағы барлық этностар мен кон­фессиялардың құқықтары сақталып ке­леді. Біз қоғамдық тұрақтылықты, этносара­лық келісімді нығайтуда, қазақстандық біртұ­тастық пен жаңа патриотизмді қалыптасты­руда өз моделімізді жүзеге асырудамыз. Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының Төрағасы Қасым-Жомарт То­қаев келелі істі кемеліне жеткізуге айрықша мəн беріп отыр. Халық ынтымағын нығай­тып, ел бірлігін сақтау мемлекеттік дəреже­дегі маңызды тетік болып қала береді.

Үкіметтің қаулысымен 2014 жылы “Қоғам­дық келісім” мемлекеттік мекемесі құрылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының және оның облыстық құрылымдарының ұйымдас­тырушылық, қаржылық, материалдық-тех­ни­калық жұмысын жүзеге асыратын заңды тұлға ретінде жұмыс істеуге кірісті. Сонымен қатар ассамблеяның сараптамалық-тал­да­ма­лық, ақпараттық қызметін жүргізеді, этномәдени орталықтар мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің өңіріміздегі этносаралық бір­лік пен ынтымақтастықты насихаттау жо­лын­дағы іс-шараларына бағыт-бағдар бере­ді.

Этносаралық және конфессияаралық өза­ра іс-қимыл мәселелерін шешудегі өзінің ерек­ше миссиясын облыстық Қазақстан хал­қы ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесі де жүзеге асыруда. Бүгінгі күні облыста 129 кеңес жұмыс істейді, олардың соңғы уақыт­тағы жұмысына тоқталатын болсақ, бес мың­нан астам адамды қамти отырып, жыл басы­нан 191 іс-шара өткізді. Жиындарда 4022 проблемалық мәселе қарады, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың бас­шы­лары үшін 18 ұсыным әзірленді.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дағы Қазақ­стан халқы Ассамблеясы кафедрасы да қо­ғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақ­тау ісіндегі тағы бір тиімді тетік болып табы­лады. Мұнда сегіз этномәдени орталықтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның 25 жылдығын атап өтуге арналған эт­ностардың мәдениет күндері ұйымдасты­рылды.

Біз – үлкен бір отбасының мүшелеріміз. Тəуелсіздік алған 30 жылдың ішінде татулы­ғымызға сызат түсірмей, қандай сын сағатта да бірлігімізден ажырамай келе жатырмыз. Татулық пен бірліктің, ынтымақ пен бере­кенің ұйытқысы бола білген Қазақстан қашаннан да халықтар достығы­ның алтын бесігі саналады. Қазақ халқы – өзі­нің даласының кеңдігіндей, бабасының өрлі­гіндей дарқан халық. Тағдырдың түрлі сына­ғын бастан кешкен халықтар жан-жақтан ағы­лып келгенде, бауырмалдық танытып, бар­ша жұрттың баласына құшағын кең ашты. Олар қазақ даласында өсіп-өркендеп, қана­тын кеңге жайды.

Жиырма бірінші ғасырдағы жаһандық сын-қатерлер адам баласын тығырыққа ті­реп, өмір сүруді қиындатты. Мұның бəрін же­ңетін қуатты күш – татулық пен бірлік. Ең бас­тысы, осы құндылықты біздің мемлекетіміз барынша сақтап, аялап отыр. Зерделеп қа­раған жанға береке мен бірліктен, тату тір­ліктен асқан байлық жоқ. Тарих беттеріне зер салсақ, басына қысылтаяң күн туғанда тары­дай бытырап келгендерді қонақжайлықпен қарсы алу – қазақ халқының жүрегінің да­риядай кеңдігін аңғартса керек. Олар осы жақ­­сылықтың барлығын алғыс алу үшін емес, адамдар арасындағы ізгілік пен жана­шырлықтың керуені тоқтамасын деп жасады. Ендеше, “Адамзаттың бəрін сүй, бауырым деп” дейтін хакім Абай сөзінен терең та­мыр алған əр қазақстандық обал мен сауаптың, жақсы мен жаманның парқын бір кісідей біледі. Бақытты ғұмыр кешіп отырған Тəуелсіз еліміздің болашағы жарқын болғай!

Динара ОРАЗБАЕВА,

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы “Қоғамдық келісім” КММ-і жетекшісінің міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp