«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ҮЙДІҢ БАЛАСЫНДАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздігіміздің таңы арайлап атып, көк байрағымыз бейбіт аспанымызда асқақ желбірегеніне биыл 30 жыл толмақ. Көпэтносты елімізде өркениет белесіне бастар қоғамдық-саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісім маңызды рөлге ие екені сөзсіз.

Қоғамдағы саяси тұрақтылық экономика­лық жетістіктерге тікелей байланысты. Коронавирусқа байланысты орын алған күрделі жағдайға қарамастан өңірдің өнеркәсібі табысты жұмыс істеуде. Жаңа жобалар құрылып, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 2020 жылы шаһарда жаңа өнім шығаратын фабрика бой көтерді. Полипропилен жіптерін өндіретін станоктарды орнату және іске қосу, әкімшілік ғимараттарды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Біз жыл сайын 1,2 млн. биг-бэг, 12 млн. полипропилен қап, 5112 тонна полиэтилен пленкасын шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 4 тонна өнім сиятын слинг-бег контейнерлерінің өндірісі жолға қойылады. Барлығы ойдағыдай болса, бұл жоспар толығымен орындалады.

“Өндіріс” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған біздің жобамызға 1,5 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Оның 500 млн. теңгесі несие, ал қалғаны өз қаражатымыз. Алдағы уақытта құйылатын қаржы көлемі кезең-кезеңімен 5,7 млрд. теңгеге дейін жеткізілетін болады. Бұл қомақты қаражатқа қосымша заманауи құрал-жабдықтар сатып алуды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта цехтарда жұмыс барысы толығымен автоматтандырылған. Мәселен тігін цехымызда 95 адам еңбек етеді. Мұнда нәзік жандардың жұмысы барынша жеңілдетілген. Олар қаптарды Жапониядан жеткізілген заманауи тігін машиналарының көмегімен тігеді. Бұл құрылғылар жылдам әрі сапалы тігуге мүмкіндік береді. Жүк тасымалдауға арналған вагон қаптарының әрқайсысына бір жарым тоннаға дейін өнім сияды. Өнімді кез келген температурада тасымалдауға мүмкіндік беретін бұл полипропилен қаптар сыртқы ортаның әсеріне төзімді. Биг-бег қаптар ауыл шаруашылығы дақылдарын және цемент, құм, пластик гранулалары сияқты құрылыс материалдарын тасымалдап, сақтауда да қолданылады. Жаңа өнімге тапсырыс берушілердің басым бөлігін жергілікті құрылыс компаниялары мен агроқұрылымдардың құрауы да сондықтан.

Біздің серіктестік 2005 жылы құрылған болатын. Бұған дейін компания жылжымайтын мүлікті жалға беру, әртүрлі тауарларды сату, мамандандырылған техникалық қызметтер ұсыну сияқты жұмыспен айналысып келді. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды. Заман өзгерген сайын біз де жаңа салаларды зерттеп, жаңа бағытта бағымызды сынап көруді шештік. Ұзақ ізденістің нәтижесінде тың бастаманы қолға алып, енді биг-бегтер, яғни үлкен қаптар, жұмсақ контейнерлер шығаруды қолға алып отырмыз. Аллаға шүкір, бұл бастамамыз сәтті болды. Түрлі ұлт өкілдері еңбек ететін біздің ұжымның ерекшелігі шығаратын тауарымызда емес, ауызбірлігіміздің мықтылығында. Қазіргі уақытта фабрикамызда 205 адам еңбек етеді. Бұл жұмысшылардың арасынан қазақты да, орысты да, украин, беларусь және кәрісті де кезіктіруге болады. Біз – бір үйдің балаларындаймыз.

Асхат ИСЕНОВ,

“SMBGROUP Family” ЖШС-нің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp