Қазақстан аумағына армяндар алғаш рет ХІХ ғасырдың басында көшіп келген. Біздің ұлт өкілдерінің екінші толқыны ХХ ғасырда кеңестік бесжылдықтар уақытында көшірілген жұмысшы мамандар болатын. 1937 жылы бір мыңнан астам отбасының күштеп жер аударылуы сияқты қоныстану фактісі де орын алған.
Қазақстан армян ұлты үшін екінші Отанына айналды. “Тау таумен табыспаса да, адам адаммен табысады” деген нақыл сөз бар. Бұл даналық халқымыздың ұлттық менталитетін, ашықтығын айшықтағандай. Армян этносының өкілдері негізінен Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында тұрады.
Солтүстік Қазақстан облыстық армян мәдениетінің “Кентрон” қоғамдық бірлестігі жұмыс істеп келеді. “Кентрон” сөзі армянша орталық дегенді білдіреді. Оны облысымыздағы белгілі кәсіпкер Роман Аракелов құрған болатын. Жерлесіміз қоғамдық бірлестікті 17 жыл бойы басқарды. 2015 жылы оған Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік” алтын медалі тапсырылды.
Солтүстік Қазақстан өңірінің этномәдени бірлестіктері мен Достық үйінің қонақтары “Кентрон” армян мәдениетінің орталығы ұйымдастыратын мерекелер мен шаралардан қалыс қалмайды. Орталық мүшелері еліміздің мемлекеттік мерекелерінен бөлек, Арменияның тәуелсіздік күні, Терендез мейрамы, Сұлулық және аналар мерекесі, Бардовар күні, жүзім мерекесін де атап өтеді.
Ұлы Жеңістің 76 жылдығында көптеген армян отбасылары ата-бабаларын еске алды. Соғыс жылдары армян этносының 100 өкілі Кеңес Одағының Батыры атанды. “Кентрон” орталығының өкілдері тарих қойнауына кеткен бұл кезеңді ұмыт қалдырмай, жылма-жыл соғыс ардагерлеріне азық-түлік қоржындарын таратады.
Орталық “Жақсылық пен құрмет” қайырымдылық шарасына белсенді қатысып, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне, қарттар үйлерінің тұрғындарына, бөбектер үйіне жәрдем көрсетеді. Футбол, шахмат және басқа спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырып, жастар мен зейнеткерлерді назардан тыс қалдырмайды. Жалпы жақсылық жасап жарысқанға не жетсін?!
30 жыл бұрын Тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасы армян этносының өкілдеріне білім, мәдениет пен дәстүрін дамытуға ғана емес, кәсіпкерлікпен айналысуға да мүмкіндік берді. Бүгінде көптеген кәсіпкерлеріміз жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
2016 жылы Л.Черновамен бірге өңірдегі армян ұлты өкілдерінің өмірі мен қызметіне арналған “Солтүстік Қазақстанның армяндары” кітабын шығардым. Бұл этносымыздың өңірдегі тарихи жылнамасына айналды. 2022 жылы “Кентрон” орталығының құрылғанына 25 жыл толмақ. Қоғамдық ұйымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін қазірден қызу дайындық жүріп жатыр.
Белгілі сатирик Евгений Петросян бірде: “Армян халқы барлық қиындықтарды бірлік пен позитивтің арқасында еңсереді. Қабағы түйілген армян көргеніңіз бар ма? Мен көрмеппін”, – деп әзілдеген болатын. Сондықтан қонақжай қазақ жерінде біздің ашық, ақжарқын ұлтымыздың болашағы зор деп сенеміз. Біз Қазақстанды өз Отанымыз санаймыз.
Геворг ГЕВОРКЯН,
Солтүстік Қазақстан облыстық армян мәдениеті “Кентрон” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.