Қай заманаларды алып қарамайық, қазақ халқының қатталған тарихында нұрлы ісімен, ерен еңбегімен, азаматтық келбетімен, өр мінезімен ұлтына, жұртына адал қызмет еткен, осылайша ел құрметіне бөленіп, ғұмырдарияларын жарық сәулеге айналдырған ардақты тұлғалар аз болмаған. Олар жылдар жылжып, ғасырлар жылыстаса да халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алады, күміс қанат уақыттың жалында сап алтындай жарқырай түседі.
Баспа бетінен енді шығып, қолымызға тиіп отырған есімі елімізге белгілі жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменовтің “Сәулелі ғұмыр” атты кітабы қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздар – ұлтымыздың толағай тұлғаларының ұлағатты істеріне ұйытып, ұрпақ келешегінің қамымен айтылған ойларына, жасаған игілікті істеріне қанықтыра түседі. Мұқабасы қалың, көркем безендірілген туындыға қаламгердің белгілі азаматтар жайлы әр жылдары жазған еңбектері енген. Кітап үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімінде “сәулелі ғұмыр” иелері туралы эсселер топтастырылса, екінші бөлімінде айтулы азаматтармен болған сұхбаттар берілген. Жарасбай Қабдоллаұлының “Дала бесік” деп аталатын шағын кітабын оқып шығып, оны өз басым болашақта ғылымның, әдебиеттің табалдырығын аттаған жас қаламгерлерге жол сілтейтін зерттеу еңбек деп бағамдағанмын. Үшінші тарауға сол кітапта жарық көрген туындылары енгізіліпті. Атақты Шоқанды, марғасқа Мағжанды әлдилеген киелі жерлердің, “сұлу күнмен құшақтасқан” Жалғызтаудың тарихы кімді болмасын қызықтыра түсері анық.
Кітаптың әлқиссасының “Адамзаттың алыбы” атанған Абай атамызға арналған мақаламен ашылуының астарында да бір сыр жатқандай. Одан өзге “Дауылпаз”, “Қазақтың Кәкімбегі”, “Сафекең туралы сөз”, “Ер еді ғой Есекең”, “Асылдардың сынығы”, “Жүректегі жанар”, “Тасқа біткен гүл” сияқты мақалаларды тебіренбей, толқымай оқу мүмкін емес.
Қазақ әдебиеті мен журналистикасына қосылған құнды еңбектің оқырманы көп болғай!
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.