«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Татулық – таусылмас кен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Менің ұлтым – татар. Ал отбасым – көпұлтты. Жолдасым екеуміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Біз үйде туған тілдерімізде сөйлеп, балаларымызға үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуді үйретіп, еңбексүйгіштікке баулып, білімге деген құштарлықтарын оятамыз, оларды адамгершілік пен қайырымдылыққа тәрбиелейміз.

Еліміз Тәуелсіздігін алған күн­нен дамудың бейбіт жолын таңдады. Биылғы мамыр айында Қазан қаласында болған қайғылы жағдайды естіп, қандастарымыз үшін қайғыдан қан жұттық. Сол кезде мен ресейлік әлеуметтік желілердің біріне: “Өзің тұрып жатқан елдің ана тілін меңгерме­йінше, ұлттық құндылықтарын бойыңа сіңірмейінше, адамгершілік-рухани жағынан толыққанды жетілген тұлға болу мүмкін емес”, – деп жаздым. Халық шығармашылығы, әндер мен билер, ертегі, мақал-мәтел, туған тіл мен дәстүр арқылы берілген тәлім-тәрбие ғана мейірімді жанды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Кең-байтақ қазақ жерінде тұ­рып, Шәмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиевтің әндеріне қосылып, Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерін тыңдап, қазақ халқының бай мәдениетімен күнделікті сусындап келеміз. Біз ұлы Абай мен Жамбыл сөйлеген тілді естіп, меңгеріп жүрміз. Қазақ халқының ат қою, тұсаукесер, сүндет той, құдалық, асар, Наурыз салтанаттарына ортақтасып, бірге атап өтеміз. Осындай рухани қазынаға қаныға отырып, өзіміздің де ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұстанып, дамытуға мүмкіндік алдық. Еркіндік пен демократия деген осы болар!

Халықтың мызғымас бірлігі, түсіністік пен келісім – басты байлығымыз екеніне көз жеткіздік. Бұл қағидалар елдегі бейбіт өмірді сақтау үшін ауадай қажет. Ал біздің елімізде бір жүзден астам этностың өкілі тұрады. Отанымызда тұратын әр этностың өз ерекшеліктері бола тұра, баршамыз қазақстандықтар екенімізді ұмытпауымыз қажет. Көпұлтты хал­қымызды біріктірген тағы бір ерекшелік – қоғамның әр мүшесіне деген құрмет, өйткені біз ешкімді де этносына, тілі мен дініне қарап бөліп-жармаймыз. Меніңше, бұл Қазақстан Республикасының бірегейлігін көрсетеді. Достық еліміздегі әр азаматтың жүрегінен бастау алады. Биыл тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлайтын еліміздің басты жетістігі – осы ауызбіршілік. Бірлік болмай – тірлік болмас!

Зарема ГУМАРОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің мәдени-ойын-сауық жұмысы бөлімінің жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp