Биыл – Қазақстан Тəуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы. 1991 жыл еліміз үшін жаңа дəуірдің басы болды. “Бұл – бостандық, ата-бабамыздың тарихи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағдыры үшін жауапкершілік алу уақыты. Соның барлығын өзіміз басымыздан кешіріп, көзімізбен көрдік. Енді міне, биыл сол 30 жылдықты атап өтеміз. 30 жыл бұрын көпұлтты, көпконфессиялы халқымыз еліміздегі бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарай жылжу үшін тағы бір іргелі таңдау жасады”, – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы” тақырыбымен биыл елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында сөйлеген сөзінде.
Ұлттық бірлік – шын мəнінде бəріміздің мақтан тұтатын ортақ жемісіміз. Қазақстан бүгінде көптеген этнос пен конфессия өкілдерінің туған үйіне айналып отыр. Тəуелсіздіктің елең-алаңындағы елдегі ауыр жағдайға қарамастан 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы атты жаңа институт өмірге келді. Содан бері ұлттық саясаттың арқаулық қағидаты – Қазақстандағы барлық этностар мен конфессиялардың құқықтары сақталып келеді. Біз қоғамдық тұрақтылықты, этносаралық келісімді нығайтуда, қазақстандық біртұтастық пен жаңа патриотизмді қалыптастыруда өз моделімізді жүзеге асырудамыз. Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев келелі істі кемеліне жеткізуге айрықша мəн беріп отыр. Халық ынтымағын нығайтып, ел бірлігін сақтау мемлекеттік дəрежедегі маңызды тетік болып қала береді.
Үкіметтің қаулысымен 2014 жылы “Қоғамдық келісім” мемлекеттік мекемесі құрылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының және оның облыстық құрылымдарының ұйымдастырушылық, қаржылық, материалдық-техникалық жұмысын жүзеге асыратын заңды тұлға ретінде жұмыс істеуге кірісті. Сонымен қатар ассамблеяның сараптамалық-талдамалық, ақпараттық қызметін жүргізеді, этномәдени орталықтар мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің өңіріміздегі этносаралық бірлік пен ынтымақтастықты насихаттау жолындағы іс-шараларына бағыт-бағдар береді.
Этносаралық және конфессияаралық өзара іс-қимыл мәселелерін шешудегі өзінің ерекше миссиясын облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесі де жүзеге асыруда. Бүгінгі күні облыста 129 кеңес жұмыс істейді, олардың соңғы уақыттағы жұмысына тоқталатын болсақ, бес мыңнан астам адамды қамти отырып, жыл басынан 191 іс-шара өткізді. Жиындарда 4022 проблемалық мәселе қарады, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың басшылары үшін 18 ұсыным әзірленді.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы да қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау ісіндегі тағы бір тиімді тетік болып табылады. Мұнда сегіз этномәдени орталықтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын атап өтуге арналған этностардың мәдениет күндері ұйымдастырылды.
Біз – үлкен бір отбасының мүшелеріміз. Тəуелсіздік алған 30 жылдың ішінде татулығымызға сызат түсірмей, қандай сын сағатта да бірлігімізден ажырамай келе жатырмыз. Татулық пен бірліктің, ынтымақ пен берекенің ұйытқысы бола білген Қазақстан қашаннан да халықтар достығының алтын бесігі саналады. Қазақ халқы – өзінің даласының кеңдігіндей, бабасының өрлігіндей дарқан халық. Тағдырдың түрлі сынағын бастан кешкен халықтар жан-жақтан ағылып келгенде, бауырмалдық танытып, барша жұрттың баласына құшағын кең ашты. Олар қазақ даласында өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жайды.
Жиырма бірінші ғасырдағы жаһандық сын-қатерлер адам баласын тығырыққа тіреп, өмір сүруді қиындатты. Мұның бəрін жеңетін қуатты күш – татулық пен бірлік. Ең бастысы, осы құндылықты біздің мемлекетіміз барынша сақтап, аялап отыр. Зерделеп қараған жанға береке мен бірліктен, тату тірліктен асқан байлық жоқ. Тарих беттеріне зер салсақ, басына қысылтаяң күн туғанда тарыдай бытырап келгендерді қонақжайлықпен қарсы алу – қазақ халқының жүрегінің дариядай кеңдігін аңғартса керек. Олар осы жақсылықтың барлығын алғыс алу үшін емес, адамдар арасындағы ізгілік пен жанашырлықтың керуені тоқтамасын деп жасады. Ендеше, “Адамзаттың бəрін сүй, бауырым деп” дейтін хакім Абай сөзінен терең тамыр алған əр қазақстандық обал мен сауаптың, жақсы мен жаманның парқын бір кісідей біледі. Бақытты ғұмыр кешіп отырған Тəуелсіз еліміздің болашағы жарқын болғай!
Динара ОРАЗБАЕВА,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы “Қоғамдық келісім” КММ-і жетекшісінің міндетін атқарушы.