Мен – қуғын-сүргінге ұшыраған корей отбасының ұрпағымын. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары біздің әкелеріміз бен аталарымызға оңайға соққан жоқ. Қайғылы оқиғалардан аман қалғанымыздың бірден-бір себебі – қазақ халқының қамқорлығы болар. Отандастарымыздың аяушылық сезімі, толеранттылығы пен қайырымдылығының арқасында сол нәубет жылдарды артқа қалдырдық. Жергілікті халықпен бірге небір қиыншылықтарға төтеп беріп, оның барлығын жеңіп шықтық. Осы оқиғалар біздің өткеніміз бен болашағымызды Қазақстанмен тығыз байланыстырды. Бұл мекен біздің Отанымызға айналып, біз біртұтас Қазақстан халқы атандық.
Мен де отбасымды осы қасиетті жерде құрдым. Жан жарымның ұлты – қазақ. Екеуіміз сүйікті қызымызға қос ұлттың салт-дәстүрлеріне сай тәлім-тәрбие беріп келеміз. Корей ұлтының өкілі ретінде мен өз қандастарымды қолдап, олардың ата-тегімізді сақтап, мәдениетімізді жалғауларына үлес қосып жүрмін. Өңірде өткізілетін түрлі мәдени шараларға қатысамын. Бүгінде “Hangug Qazaqstan” корей этномәдени орталығы төрағасының орынбасарымын. №17 орта мектепте корей балаларына ана тілімізден сабақ беремін. Ұлтымыз бен тіліміз сан алуан болса да, біз қазақ жерінің балаларымыз. Осы жерге деген сүйіспеншілік баршамызды біріктіріп, мықты ете түседі.
Евгений КИМ,
“Hangug Qazaqstan” корей этномәдени орталығы төрағасының орынбасары.