Петропавл тұрғыны, марафоншы, 67 жастағы Қазыбек Бекеев велосипедке отырып, Алматыға аттанды. Қария бұл саяхатын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазыбек Бекеев екі доңғалақты көлігін сайлап, бүгін таңертең Алматы қаласына сапарға шықты. Ол 2 мыңға жуық шақырымды екі аптаның ішінде жүріп өтпек.
Жеңіл болу үшін өзімен ең қажетті деген заттарды ғана: бірер киім, жатын қап, азын-аулақ тамақ пен ішетін су ғана алды.
Қазыбек Кәкімұлы биыл 67 жасқа толған. СҚО Аққайың ауданы Аралағаш ауылының тумасы.
Көп жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті.
Кейін Петропавлға көшіп, 2000 жылдан бері жеңіл атлетикамен айналысып жүр.
«Үлкен-үлкен жарыстарға, марафондарға қатыстым. 2014 жылы Ресейде ерлер арасында екінші орын алғанмын. Тағы да 34-қабатқа жүгіріп шықтық. Онда да дайындалмастан естіп кіріп, жастарға есе жібермей 4-орын алдым. 50 жасқа дейінгілер қатысқан еді. Ал мен 60-тан асып кеткенмін, ұйымдастырушылар қатыстырғысы келмеді. «Сен өте алмайсың» деп. Түркияда екі рет марафонға қатыстым», – дейді Қазыбек Бекеев.
Бұл – қарияның қос доңғалақты серігімен алыс сапарға шығып отырған бірінші саяхаты емес.
Былтыр Қазыбек Кәкімұлы велосипедпен Нұр-Сұлтан қаласынан келді.
Айтуынша, сағатына орта есеппен 30 км жылдамдықпен жүреді. Алматыға барар жолда тәулігіне 200 шақырымды артқа тастап отырмақ.
«Бұл сапарымды биылғы мерейтой – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймын. Саламатты өмір салтын ұстанудың нәтижесінде өзімді жақсы сезінемін. Менің ісім басқаларға үлгі болса екен», – дейді алыс жолға аттанған қария.
https://www.inform.kz/