Петропавл қаласының орталық алаңында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттық акция ұйымдастырылды. Бұл шараны “Jas Otan” жастар қанаты мен қалалық жастар ресурстық орталығы бірлесе өткізді. Акцияға еліміздің егемендігі мен елдігін паш ететін Мемлекеттік рәміздерімізді ардақтайтын отансүйгіш жастар қатысты. “Jas Otan” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Біржан Құдайбергеннің айтуынша, шараның басты мақсаты – әрбір жастың бойында өзінің Отанына деген, өз елінің рәміздеріне деген құрмет сезімін ояту.
Жастар орталық алаңда ілулі тұрған өңі кеткен Мемлекеттік Туды жаңасына ауыстырып, көк байрағымызды қайтадан жоғары көтерді. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ыбыраевтың айтуынша, бұл – Мемлекеттік рәміздер күніне арналған көп шараның бірі ғана. Бұл күні еріктілер қаладағы сауда-ойын-сауық орталықтары мен жанар-жағармай құю станцияларында автокөлік иелеріне көк түсті жалаушаларды таратты. Сондай-ақ онлайн концерт ұйымдастырылып, тұрғындардың өтініші бойынша Мағжан Жұмабаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Шоқан Уәлиханов көшелерінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің балкондарына Ту ілініп, қызылжарлықтар рәміздерімізге құрметтерін көрсетті.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.