“Astana” командасының велошабандозы, ел чемпионы, қызылжарлық Алексей Луценко “Критериум дю Дофине” велокөпкүндігінің төртінші кезеңінде топ жарды. Жерлесіміз Франциядағы Фирмини қаласынан Рошла-Мольер шаһарына дейінгі 16,4 шақырым жолды бірінші болып жүріп өтті.
Алексей Луценко аралықты 21 минут 36 секундта бағындырды. Бұл – солтүстікқазақстандық велошабандоздың осы маусымдағы алғашқы жеңісі. Осы сында елордалық команданың тағы бір өкілі – Ион Исагирре күміс жүлдегер атанды. Ал “Deceuninck-Quick-Step” клубының спортшысы Каспер Асгрин үздік үштікті түйіндеді.
Веложарыстың 4 кезеңінің қорытындысы бойынша “Bora-Hansgrohe” командасының спортшысы Лукас Постбергер көш басында келеді. Алексей турнир кестесінің екінші орнына жайғасты. Жерлесіміз аустриялық велошабандоздан 1 секунд қана қалып келеді. Алда әлі 4 кезең бар.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.