Петропавлда балық аулауға шыққан ер адам қайықта ұйықтап кетіп, гидротораптың иіріміне түсе жаздады. Өзен ағысымен қалқып бара жатқан балықшыны дер кезінде полицейлер көріп, аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, 37 жастағы петропавлдық балық аулауға шығып, түн ортасында қайықта ұйықтап кеткен.
Қайықта ұйықтап жатқан адамды түнгі сағат 2.00 шамасында Петропавл су торабында қызмет етіп жүрген мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері байқаған. Резеңке қайықты ағыс бөгенге қарай әкетіп бара жатыр екен. Ер адам полицейлердің айқайын естімеген.
Полицейлер жауап болмағасын бірден диспетчерге хабарласып, шандораны көтеру қажеттігін айтқан. Дер кезінде көтерілген металл арқалықтар иірімге түсіп кете жаздаған қайықты ұстап қалды. Бұл кезде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де келіп үлгерген еді. Осылайша балықшыны құтқару операциясы сәтті аяқталды.
«Түнгі ауысымнан шыққан соң, ұйықтамастан кешке қарай балық аулауға шықтым. Қатты ұйықтап кетіппін. Бұл менің екінші туған күнім болды, полицейлерге көп рахмет», – дейді құтқарылған ер адам.
Полицейлердің айтуынша, сол кезде әр минут қымбат еді. Жылдам әрекет ету қажет болған. Қайықты бірінші байқаған полиция сержанты Ақылбек Әбділмановтың айтуынша, полицейлердің жұмысында көп нәрсе қырағылық пен жедел әрекет етуді қажет етеді. Петропавлдағы гидроторап күзетілетін нысан. Оның жанында жүрудің өзі қауіпті. Өкінішке орай, петропавлдықтар мұны әрдайым түсіне бермейді.
https://www.inform.kz/