Солтүстік Қазақстан облысында соңғы аптада коронавирусты жұқтыру 46 %-ға, 258-ден 139-ға дейін азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, дер кезінде енгізілген карантиндік шектеу шаралары өз нәтижесін берді. Коронавирусты жұқтыру 46 %-ға, яғни 258-ден 139-ға дейін азайды. Өңір 3 маусымнан бері «жасыл» аймақта.
«Қауіпті вирустың өршімеуіне вакцинацияның да әсері зор. Қыста тәулігіне 100 адамнан КВИ жұқтырса, қазір сырқаттанғандардың саны 30-дан аспайды. Облыста жеткілікті вакцина бар. Тұрғындар таңдау бойынша үш препараттың біреуін салдырта алады. Вакцинация басталғалы 4 айдан асты.
Осы аралықта асқыну жағдайлары тіркелген жоқ. Ендеше екпе салыдрудан қорықпау керек», – дейді Әсет Жұматаев.
СҚО-да осы уақытқа дейін 15 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды. Оның ішінде сырттан әкелінген 443 жағдай тіркелді. Бұл – 2,9 %.
Ауру белгілері 9463 адамда болған.
Жалпы 77 719 адам вакцинаның бірінші компонентін салдырса, 42 638 адам екпені толық алды. Ертеңнен бастап СҚО-да карантиндік шектеулер жеңілдетіледі. Бүгін облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты.
https://www.inform.kz/