Ана тілін құрметтей отырып, өзге тілді де меңгеру, яғни полиглот болу – бүгінгі өмір талабы. Елімізде “Тілдердің үштұғырлығы” мәдени жобасы кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Елбасы ұсынған идея қарапайым әрі түсінікті: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз, ағылшын тілін үйренеміз.
Ағылшын тілі озық технологияларға қол жеткізудің бір кілті десек, қателесе қоймаспыз. Тілдерді оқыту орталығы ересек адамдарды қазақ және ағылшын тілдеріне ақысыз оқытатын өңірдегі жалғыз мемлекеттік мекеме саналады. Ол арқылы жыл сайын екі жарым мыңға жуық тіл үйренуші, оның ішінде үш жүзден астамы ағылшын тілін beginner, elementary, preintermediate деңгейлері бойынша меңгереді. Тілді игеру сапасы оқулықтан гөрі оқытушыға, оның оқытудағы ұстанымына, оқыту әдістемесіне, кәсіби шеберлігіне, тіл үйренушілермен қарым-қатынасына байланысты екені белгілі. Ә дегеннен жеңіл әдіс-тәсілдермен қызықтырып, тілдік қиындықтарды еңсеру арқылы өзгеше бір әлемнің есігін айқара ашып бере алған оқытушы ғана нағыз ұстаз бола алады. Мұның өзі үлкен шығармашылық әлеуетті қажет етері анық. Орталықтағы оқытушылар арасында өзіне деген талапшылдығымен, инновациялық ізденісімен көп құрметіне бөленген Бейнегүл Бекболатова Бескөл ауылында ағылшын тілінен сабақ береді.
Өзгелерді білім нәрімен сусындатып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы жанның еңбек өтілі – 20 жыл. Бейнегүл Ермекқызы осыдан екі жыл бұрын Эрин ағылшын мектебінде 3 айлық, сосын АҚШ-тың Бозмен, Монтана қалаларында 6 апталық біліктілікті көтеру курстарында ағылшын тілінен сабақ беріп, үлкен сынақтан өтті. Былтыр Мэриленд, Балтимор университеттерінің 8 апталық онлайн курстарын аяқтады. Халықаралық конференцияларда өз тәжірибесімен бөлісіп, баяндамалар жасады. Биыл АҚШ елшілігімен “TESOL 2021 International Convention and English Language Expo” халықаралық конференциясына қатысуға мүмкіндік алды. Орта Азия конференциясында баяндама жасауға Қазақстаннан 5 адамның бірі болып іріктелді. Біліктілігін көтерумен қатар талапшыл ұстаз ғылыми-әдістемелік қызметпен де айналысып жүр. Жуырда ағылшын тілінен қорытынды аттестациялауға дайындау әдістемелік құралының авторы атанды. Еңбегі еленіп, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, АҚШ-та өткен мұғалімдердің біліктілігін көтеру бағдарламасына қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Еліміз бәсекеге қабілетті озық мемлекеттер қатарынан көріну үшін ағылшын тілін жетік меңгерген азаматтар санының көп болғаны еш артықтық етпейді. Солардың қатарында Бейнегүл Ермекқызының жүргенін мақтан етеміз.
Орал ЖАНАТОВ,
облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары.