Педагогтар үшін кәсіби шеберліктерін үздіксіз шыңдау, мамандықтарына сәйкес сараптама жасап отыру басты міндеттердің бірі саналады. Бұл орайда қалыптасқан педагогикалық тәжірибені кең ауқымда талдай отырып, түрлі ізденістерге жол ашудың мәні айрықша. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығында ұстаздар қауымының педагогикалық қызметін шығармашылық тұрғыдан зерделеу жайына жете көңіл бөлінеді. “Білім беру ұйымдары педагогтарының тиімді тәжірибесін жинақтау технологиясы” тақырыбы аясында бірнеше семинар ұйымдастырылып, пән, бастауыш сынып, музыка, технология, көркем еңбек және дене шынықтыру мұғалімдері, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар мен мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері үшін ашық пікір алаңына айналды десе де болады. Педагогикалық тәжірибені жинақтап, тарату барысында қатысушылардың нормативтік құжаттар, пәндерді оқыту дәрістері арқылы білімдерін дамытуға айрықша назар аударылды.
Тренингтер кезінде педагогтарды тәжірибе дегеніміз не, қандай тәжірибе тиімді болып табылады, педагогикалық тәжірибені жинақтаудың өлшемдері қандай деген мәселелер ерекше қызықтыратыны байқалды. Оларға тәжірибені ұштаудың бірнеше нұсқасы ұсынылып, шығармашылық әлеуетті заманауи әдіс-тәсілдермен ұштастыруға айрықша ден қойылды. Мысалы, Петропавл қаласындағы “Ақ бота” балабақшасының тәрбиешісі Алтын Әбілева мектепке дейінгі балалардың денсаулығын нығайтуға айтарлықтай ықпал жасайтын музыкалық-ритмитикалық ойындар төңірегінде ой бөліссе, №13 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әлия Сапарбекова нақтылы бейнелерді қайта жаңғыртуда адамның жаттығуына бағытталған психотерапиялық әдісті оқыту үдерісіне енгізу тәжірибесімен бөлісті. Жамбыл ауданындағы Қожаберген жырау атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Биисова бейнеролик арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін танытудың маңызын талдап түсіндірді.
Кез келген семинарда, пікірсайыста, тренингте педагогтарға өздерінің тиімді тәжірибелерін ұсыну топтық, жұптық немесе бір мектептегі мұғалімдермен бірлесе көрсетуіне де мүмкіндіктер беріледі. Есіл ауданы Тауағаш орта мектебінің математика, информатика, дене шынықтыру, көркем еңбек және алғашқы әскери технологиялық дайындық пәндерінің мұғалімдері “Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында оқушыларды шығармашылыққа баули отырып, алған білімдерін өмірде қолдану” тақырыбында “дөңгелек үстел” ұйымдастырды. Оқушылардың шығармашылық қабілетін анықтау, дамыту мақсатында қандай іс-әрекеттер атқарылуы керек деген жайт өзара диалог, бейнероликтер арқылы ашып көрсетілді. Бұл тәсіл, біріншіден, мектеп мұғалімдерінің ынтымақтаса жұмыс атқара алатындарын көрсетсе, екіншіден, қандай да бір өзекті проблеманы көп болып талқылау әлдеқайда пайдалы екенін байқатты. Кез келген ізденіс мұғалімнің де, шәкірттің де шығармашылық, ақпараттық сауаттылықтарын бекемдей түсері сөзсіз.
Түрлі жаттығулар барысында сабақ берудің озық технологияларын меңгеріп, берілген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындаған қатысушыларға сертификат пен куәлік табыс етіледі.
Гүлзат ӘЛЖАНОВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы облыстық филиалының аға оқытушысы.