Өткен ғасырдың елуінші жылдары солтүстік өңірде қыс қатты болды. Аязды күндері түкірігің жерге түскенше қатып қалатын. Ал боранның азабы тіптен басқа. Шымнан салынған аласа үйлерді қар басып, пештің мұржасы ғана қылтиып тұратын. Сондықтан есік ішке қарай ашылатындай етіп жасалатын. Сыртқа ашылса, құрсауда қаласың, ал ішке қарай ашылса үйілген қарды күрекпен кертіп, алдымен ішке тасып, жол ашып алғаннан кейін оны қайта сыртқа шығарасың. Басқа амалы жоқ.
Ол кездегі қоралардың тесігі көп болушы еді. Өйткені орманшылар ағаш кестірмейтін. Халық орман ішінен құлаған, қураған бұталарды жинап, қора-қопсы салып, пешке жағатын. Қыстың қаттылығынан ба, мүмкін азық таба алмағандықтан болар, аш қасқырлар, түлкілер, басқа да аңдар түн қараңғысында ашық-шашық қораға еніп кететін. Осындай оқиға сол кезде Қостанай облысының Пресногорьков ауданына қарайтын Нұрымбет ауылында да орын алады. Осы жерде айта кететін бір жайт, бұл Ресейдің Қорған, Қазақстанның Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары қиылысатын тұста тұрған ауыл. Қазір жоқ. Бүкіл қазақ еліне аты мәлім, Батыс Сібірдің бас имамы болған, Қазақ елін отарлауға қарсы қарулы күрес ұйымдастырушылардың бірі, көріпкел, емші – Марал Ишан Құрманұлының кіндік қаны тамған жер. Нұрымбет және басқа да қазақ ауылдары бірде Қостанай, бірде Солтүстік Қазақстан облысына ауысып отырған. 1963 жылдан бері теріскей өңірге қарайды.
Негізгі оқиғаға қайта оралайын, боранды түндердің бірінде Рақымбай деген ақсақал сыртқа шықса, жылқылар осқырынып тұр екен. Қораға кірсе қасқырдан қорыққан жылқылар бір бұрышқа тығылыпты. Іштерінде біреуі ғана айбат шегіп, алдыңғы аяғымен жер тарпып, қасқырды жолатпай тұр екен. Бата алмай тұрған жыртқыш адамнан сескеніп, кірген тесігінен қайта шығып кетеді. Қорадағы жылқышы Дайыр Өтегеновтың Қостанай облысының Торғай өңірінен әкелген 12 жылқысы екен. Шал үйге кірісімен баласын оятып, болған жағдайды айтады. Енді не істеу керек? Қасқыр түнде қораға қайта түсуі мүмкін. Ендеше оның көзін құрту керек. Осы арадан ұзап кете қойған жоқ. Жылқышы тез киініп, мылтығы мен құрығын алып, өзінің күнде мініп жүрген атын ерттеп, қасқырды іздеуге шығады. “Қараңғы түн. Оппа қар. Ондайда қасқыр соғу оңай болып па? Жыртқышты ұстау қайда, мінген байталы оппа қарға құлап мерт болып, ақыры колхозға бір сиырын беріп әрең құтылды, байғұс”, – деп еске алған осы жайды қазір Қостанайда тұратын тоқсаннан асқан ақсақал Байтақ Күшікұлы.
Сол қыс қасқырлар маза бермейді. Ақыры ауыл тұрғындары маңайдағы қасқырларды құртуға бел буады. Жігіттер бір-бір ат мініп, қару асынып, орман тоғайлардан жыртқыштарды іздеуге кіріседі. Ит қосады. Осындай жорықтарда көк тай ерекше көзге түседі. Ол Торғай жақта мініске үйретілген болуы керек, аңға шығуға бірден жарап кетеді. Қардың қалыңдығына қарамастан көзге түскен жыртқышты ұзаққа жібермейді, қуып жетіп, алдыңғы аяқтарымен тарпып тастайды. Көк тайдың көмегімен жыртқыштардың қатары сирейді. Жануардың жүйріктігіне, қасқырдан қорықпайтын мінезіне риза болғандықтан және көкшіл түсіне байланысты оны ауыл адамдары Көкшай деп атап кетеді.
Бұл төңіректегі қазақ ауылдары бірде жеке колхоз болса, енді бірде ірілендіріліп, шаруашылыққа айналып отырған. 1950 жылы орталығы Ақбалық болып бекітіліп Молотов атындағы колхоз құрылған. Оған Нұрымбет, Қарақамыс, Октябрь, Жалтырша ауылдары енеді. Колхозда бөлімше деген болмайды, сондықтан бұл елді мекендер бригада деп аталған. Нұрымбеттегі жылқылар ірілендірілген колхоз меншігіне алынған. Нұрымбеттіктер қасқыр соғуда ерекше көзге түскен Көкшайды жаратып, жыл сайын аудан бойынша өтіп тұратын сабантойдағы ат жарысына қатыстырмақ болады. Сәйгүлік Қарақамыстағы атбегі Темірбайдың Құлбайына баптауға беріледі. Ол кісі атты қысы-жазы қорада ұстады-ау деймін. Көкшайдың далада еркін жайылып жүргенін көрмедім. Тегі ақ сұлымен, орман алқабынан шауып әкелген көк шөппен асырады-ау деп ойлаймын. Арасында үйдің ауласына шығарып, ойнақшытқан да болар, өйткені күні-түні қорада тұрған аттан қандай сәйгүлік шығады.
Келесі жылы жазда ауылдың үлкендері шу ете қалды.
– Естідіңдер ме, біздің Көкшай жарыста бірінші орын алыпты!
– Рас па?!
– Рас, рас, Қарақамыстың атын шығарыпты!
– Атшабары кім болған екен?
– Өй, өзіміздің Оспанның Қоқаны ғой.
– Астапыралла, анау жұдырықтай балаға Көкшай қалай ырық берді екен?
– Кішкентай деме, ол ағасы Шапайдың жанында жүріп, жылқының қыр-сырын үйренген бала!
Олардың бұл сөздерінің жаны бар еді. Шапай Ыстыбаев жылқыға үйір болды. Ақбалықта орманшы, Қарақамыста бригада, кейіннен бөлімше басқарушысы болып істегенде жазда тарантасқа, қыста кашовкаға екі, тіпті кейде үш ат жегіп жүруші еді. Жетекке жегілген аттың доғасының ұшар басына ілінген шағын қоңыраудың сылдыры алыстан естіліп тұратын. Аттардың әбзелдері де күмістелген, көркем еді. Біздер, балалар түгілі, ересектер де қызыға қараушы едік осы әсемдікке. Ал Қоқан болса осы аттарды қаршадайынан баптап, суарып, қажет болса, ат айдаушы да болып кететін. Қысқасы, ол жастайынан ат жалын тартып мінді.
Ойын баласы емеспіз бе?! Кейбіріміз қайыңның жапырағы көп бұтағын, кейбіріміз талды ат қылып мініп шапқылап жүруші едік. Әрбіріміз осы “тұлпарларымызға” ат қоямыз. Сонда бәріміз Көкшай деген атқа таласатынбыз. Ақыры жаяу жүгіргенде кімнің соңында көбірек шаң қалса, соның “аты” – Көкшай атанатын. Көкшайды көру сәті маған, ұмытпасам, 1952 жылы түсті. Сол жылы маусым айында аудан орталығы – Пресногорьковтың маңындағы орманның маңында кезекті сабантой өтті. Оған ересектерге еріп үш бала бардық. Үшеуіміздің бір ағаштың түбінде қонғанымыз әлі көз алдымда. Ол кезде киіз үй атымен жоқ, ал мұндай тойлар екі-үш күнге созылатын.
Біздің бар мақсатымыз – ат жарысын, нақтырақ Көкшайды көру. Жарыс өтетін жерге ерте келдік. Жылқылардың жанында жиналған адам қарасы мол. Танитынымыз атбегі Темірбайдың Құлбайы мен шабандоз Оспанның Қоқаны. Олар көк атты айналшықтап жүр екен. Атқа қарап таңғаламыз. Басы ұзыншалау, денесі жұмыр, көздері үлкен, өткір, танаулары кең, құлақтары сүйір, жалын кескен, құйрығының қылын қырыққан сымбатты жылқы. “Мәссаған! Көкшай осы екен ғой! Қандай сұлу жануар!” – деп қуанып кеттік.
Қазылар бәйге басталатын жаққа барып, аттарды сапқа қойып, белгі береді. Жолшыбай бірнеше жерде атқа мінген жігіттер сәйгүліктердің жолдан шығып кетпеуін, жолда басқаларының қосылмауын, яғни тәртіпті бақылап жүретін. Бұл жолы да солай болды. Алдымен қысқа, одан кейін орта қашықтықта жарыстар өтті. Міне, аламан бәйгенің кезегі де келіп жетті. Оған, әрине, Көкшай міндетті түрде қатысады.
– Аламан бәйге! Аламан бәйге! – деген дауыстар тұс-тұстан естіліп жатты.
Мұндай жарысқа қатысатын ат әрі жүйрік, әрі төзімді болуы керек. Сондай-ақ шабандоздың шеберлігі де маңызды. Біраз күттік. Шыдамымыз таусылғасын аттардың келетін жағына бет алдық. Жолға шықпай, бір қапталынан алысырақ жерден тұрып қарауға болады екен. Міне, дүбір естілді, артынан аттар да көрінді. Басқаларында шаруамыз жоқ, Көкшайды іздейміз көзімізбен. Бір кезде ол да көрінді. Үшінші ме, әлде төртінші ме келе жатыр. Қоқан аттың жалына жабысып алыпты, қолындағы орамалымен өзінің де, тұлпардың да көзін сүртіп қояды. Енді қайтсын, күн ыстық, көзден жас парлайды. Оның үстіне шаң да түседі.
– Қоқан, жібер тізгінді! – деп айқайлап қояды жанымызда тұрған ересектердің бірі.
– Алдағы аттар мәреге жақындап қалды-ау, үлгерсе жарар еді, – деп қояды екіншісі.
Мәреге жақындағанша үшінші, не төртінші болып шабу ежелгі дәстүрі, айла-тәсілі екен шабандоздың. Осы жолы соның куәсі болдық. Қас-қағым сәтте-ақ Көкшай алдындағыларды басып озды, мәреге бірінші жетті. Бірақ тоқтаған жоқ, өте шықты. Біраз жерге барғасын ғана шабысын бәсеңдетіп барып, аяңға көшті.
– Жарықтығым-ай, айналып кетейін-ай! – деп зыр жүгіріп жүр атбегі.
Осындай той Пресногорьков ауданында жылда маусым айының орта шенінде болып тұратын. Бұл өте қолайлы уақыт. Өйткені диқандар егін сеуіп болады. Ал малға жем-шөп дайындау айдың аяғына таман басталады. Осы мерзімде халықтың қолы босайды. Жауын-шашын да аз. Сондықтан той-думан дәл осы тұста өткізілетін. Сондай сабантойларда Көкшай алдына қара салғызбады. Ол талай рет облыстық, республикалық атжарысқа қатысып, жүлделі оралып жүрді.
Соңғы үш жылда “Молотов” колхозында бес басшы ауысып, шаруашылық шатқаяқтап қалғанын көрген Ақбалықтың төл тумасы Қалиқан Мәмбетов аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін тастап, колхоз басқармасының төрағасы болып келді. Қыс қатты, малда жем-шөп жоқтың қасы. Бір амалын істемесе түгел қырылғалы тұр. Колхозшылардың жалпы жиналысын ашып, ұсақ малды үйді-үйге қыста асырап шығаруға бөліп берді. Колхоздың бар жылқысы мен өгіздерін жегіп, қар астында қалған шөп, сабан фермаға тасылды. Орман-тоғайлардың маңындағы қарды аршып, ірі қараның біразын күндіз сонда жайды. Басқа да ұйымдастырушылық шаралар қолға алынып, қыстан аман-есен, шығынсыз шығады. Ал жазда техника күшінің жетіспеуіне байланысты көл жағалауларынан қолшалғымен шөп шаптырды. Ескі қоралар жөнделіп, жаңалары салынды. Осылайша колхоз біртіндеп алдыңғы қатарға қосылды. Облыстық ауыспалы Қызыл туға, бір мың сом ақшалай сыйлыққа ие болды. Бара-бара колхоз миллионер атанды.
1956 жылы мен Ақбалық жеті жылдық мектебіне бесінші класқа оқуға бардым. Қазан айының басында жаңа мектеп ашылды. Бұрын мұндай ғимаратты көрмеген едік, хан сарайына енгендей болдық. Үш класс, физика зертханасы, қолөнер шеберлігіне үйрететін бөлмелер бар екен. Ұзын дәлізде қыстыгүні денешынықтыру сабағы өтеді. Кірпіштен салынған үш пештің сырты қара қаңылтырмен қапталған. Ондай пештерді біздің жақта темір пеш деп атайды. Бұл ғимаратты Нұрымбет ауылының тумасы Байтақ Омекин салыпты. Көмекшісі қарақамыстық шебер Қани Имақов.
– Бұл мектептің салынуына Көкшай себепкер болды, – дейді Байтақ Күшікұлы ақсақал өткенді еске алып, – 1955 жылы республикалық аламан бәйгеде бұл тұлпар тағы бірінші орын алды. Жүлдеге берген ақшаға колхоздан қаржы қосып, мектеп салу ұйғарылды.
Біз оқыған жылы мектеп директоры Әндіғожа Байсақалов еді. Келесі жылы директор ауысып, орынына Мырзағали Төлешов келді. Ол мектепті және оның маңындағы біраз аумақты қоршатты. Совхоздағы жүк автокөлігін алып, оқушыларды Жаңажол ауылының маңындағы Есеней бүркеуіне апарып, қайың, терек, әртүрлі талдар қазып әкеліп, мектеп маңына егіп едік. Сол ағаштар бара-бара шағын орманға айналды.
Мектеп ашылған жылы қыста тың игеруге байланысты “Озерный” кеңшары құрылды. Колхоздың жерін мемлекеттік меншікке алу жөнінде Ақбалықта жиналыс өтті. Онда жұрт кеңшарға енуге қарсы болды. Бірақ жоғары жақтан келген өкіл “онда колхоздың егістік және шабындық жерін аламыз да, ауылдардың тұрған орынын ғана қалдырамыз” деп қорқытқып, амалсыздан көндіріпті.
Жаңа шаруашылықты құруға білікті мамандармен бірге Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен бірнеше ұлттың өкілдері, арасында түрмеден босаған басбұзарлар, ұры-қарылар да келді. Кейбіреуі жергілікті тұрғындарға тиісіп, төбелес шығарған жағдайлар да болды. Тың игеруге әкелінген техниканы да, малды да аяған жоқ. Көкшай да сондай сотқарлардың бірінің қолына тисе керек. Естуімше, бірде Қарақамыс пен Озерныйдың арасында автокөлікпен жарысып, жол жиегіндегі шұңқырға аяғын тығып алып, ақсап қалыпты. Артынан оны Ақбалықтағы қаймақ айыру бөлімшесінен Озерныйдың маңындағы шошқа фермасына обрат тасуға пайдаланыпты. Мұнда да қатты шауып, әбден зорығып, ат арбаның жетегіне құлап, сол жерде мерт болады. Арбаны әкеткендер өлген атты сол жерге тастап кетеді. Екі елді мекеннің арасындағы шағын шоқтың ішінен өтетін сүрлеу жолдың жиегінде дөңкиіп жатқан Көкшайды көзім көрді. Жылап жібердім. Кеше ғана мәпелеп, ерекше күтімге алып, баққан, бүкіл халыққа қуаныш сыйлаған тұлпарым-ай!
Қазақ ырымшыл халық қой. Байлық та, дүние-мүлік те отбасының бір мүшесіне ғана бітеді, яғни пешенесіне жазылады, тіпті қорадағы малдың біріне, ауылдағы итке бітуі де мүмкін деуші еді қариялар. Осы сөздің растығына бірнеше мәрте көзім жеткендей де болды. Мысалы, менің Сәбит Садықов деген жездем көп жыл орманшы болып істеді. Орман шаруашылығы мінуге берген көк бие оның отбасына жиырма жылдан астам қызмет етті. Сол биенің арқасында Жалтыршада жаңа үй салып алды. Ағаш пен қамысты көк биемен тасыды. Бие қартайып барып өліп еді, сол жылы үйі де күйіп кетті. Жұрт: “Бұл көк биеге біткен үй ғой, өзімен бірге ала кетті”, – десті. Көкшайдың жайы да солай болды. Ол зорығып өлген жылы Ақбалықтың мектебі де жанып кетті. Қызық құбылыс! Қазір мектеп түгіл ауыл да жоқ. Халқы жан-жаққа көшіп кетті.
Көкшайдың мерт болғанына жарты ғасырдан асса да оның аламан бәйгедегі шабысы, өліп жатқан дөңкиген денесі, соның арқасында салынып, өзім оқыған мектеп әлі көз алдымнан кетпейді. Мал да болса аяйды екенсің. Қайран, Көкшай!…
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.