Ювеналдық полиция қызметкерлерінің негізгі міндеттері кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, оның ішінде оқушылар арасында құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған шараларды жүзеге асыру болып табылады. Биылғы 4 айдағы талдау көрсеткендей облыс орталығында кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың саны, былтырғыға қарағанда, 8-ден 18-ге дейін, яғни 225 пайызға артқаны байқалады. Бұл – жай ғана цифрлар емес, қоғамды алаңдататын өте өзекті мәселелердің бірі. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев жас бала – жас бір шыбық, жас кезінде қай түрде иіп тастасаң, үлкейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ деп ой түйеді.
Бақылаусыз кеткен, қараусыз қалған бала көше жаққа көп қарайды. Ондағы жаман қылықтар мен дағдылар мінез-құлқының теріс қалыптасуына әсер етеді. Оң мен солын айырып жатпастан қылмысқа бейім топтарға қосылып кеткенін сезбей де қалады. Оның ақыры қылмыстық әрекеттерге, жаман қасиеттерге ұрындыруы мүмкін. Жалпы “қиын балалардың” пайда болуына, түрлі құқық бұзушылықтардың себептеріне алғышарттар көп. Олардың бастылары – отбасындағы тәрбиенің талапқа сай ұйымдастырылмауы, тұрмыстық дау-жанжалдар, ұрыс-керістер, баланың көзінше арақ-шарап ішу, дөрекі сөйлеу, қол жұмсау. Сонымен қатар қаржылық, тұрмыстық жағдайдың төмендігін де қосуға болады. Бұғанасы қатпаған, жанына қаяу түскен бала моральдық тұрғыдан төменшектеп, теріс қылыққа тез бейімделеді. Кейбіреулер ұл-қыздарын үлде мен бүлдеге орап, шектен тыс өбектеп, айтқанын екі етпей, тым еркелетіп жібереді. Мұның зардабы ауыр. Баланың психологиясына кері әсер етіп, тоғышарлық мінез қалыптастырады.
Осындай келеңсіз көріністерге қарсы пәрменді ықпал ету шаралары қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырыстарында қаралады. Бүгінге дейін ювеналды полицияның қатысуымен комиссияның 11 отырысы өткізіліп, 72 іс қаралды. Инспекторлардың бастамасымен 32 іс талқыланды. Комиссияның ұсынымдары еленбеген және кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделері аяққа басылып, одан әрі бұзылған жағдайда ондай отбасылармен алдын алу жұмысын жүргізу, ювеналдық полиция бөлімшесіне есепке алу жүзеге асырылады. 4 айда 57 отбасы есепке қойылды. Барлығы 115 отбасы бақылауда тұр. Балаларын тәрбиелеу, оқыту және бағып-күту жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 82 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқуға, еңбекке, қоғамдық өмірге ықыласы жоқ балалардың тәрбиесі мен мінез құлқына әсер ете алмаған отағасы мен отанасын ата-аналық құқықтарынан айыру немесе шектеу сияқты ықпал ету шаралары да қарастырылады. Жыл басынан бері қорғаншылық және қамқоршылық органдарына 15 материал жіберілді. Қызылжар ауданы Архангелка ауылындағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен облыстық балалар ауруханасына 33 бала орналастырылды.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу қашанда қызметіміздің басым бағыты болып саналады. Өкінішке қарай, кей ата-аналар өнегелі ұрпақ тәрбиесінің алғашқы сатысы, әліппесі отбасы, ошақ қасынан басталатынын әр кез ескере бермейді. Барлық жауапкершілікті мектептерге итере салып, қиындықты шешуден сырт қалып жататын фактілер аз ұшыраспайды. Баланың бас ұстазы – ата-ана деп текке айтылмаған. Бізді түнде көше кезген жасөспірімдердің жайы ойландырмай қоймайды. Өйткені елтең-селтең жүріске үйренген бала “көшенің өмір салтына” тез дағдыланып кетеді. Нашақорлықтың, теріс ағымдардың құрығына ілініп кетуі оп-оңай. Ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар жиналатын сауда үйлерінде, ойын-сауық орындарында, саябақтарда, скверлерде 45 рейдтік іс-шара жүргізіп, келеңсіз әрекеттердің жиілеп бара жатқанын анықтады. 172 жасөспірім полиция бөлімшелеріне жеткізілді. 269 жағдайда ата-аналары немесе заңды өкілдері балаларын ойын-сауық орындарына өздері жіберген екен. Балалары алкогольді ішімдік ішкені үшін 316 ата-ана, ұсақ бұзақылық жасаған балалары үшін 11 адам жауапкершілікке тартылды.
Бұрындары қалада қиын өмірлік жағдайдағы балаларды сауықтыру орталығы жұмыс істейтін. Онда психологиялық көмектер көрсетілетін. Оқытуға, қосымша білім алуға қолдаулар жасалатын. Орталықтың өз жұмысын тоқтатуына байланысты аздаған қиындықтар туындап отыр, атап айтқанда, ішімдік ішкен немесе есірткі тұтынған балаларды уақытша орналастыратын орын жоқ. Жуырда өткен қоғамдық кеңес отырысында осы мәселе көтеріліп, сауықтыру орталығын қайтадан ашу жөнінде шешім қабылданды.
Жасөспірімдердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуын болдырмау үшін оқу орындарында “Кәмелетке толмағандардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі”, “Бейтаныс адамдармен қарым-қатынас ережелері”, “Жыныстық қолсұғылмаушылық”, “Қазіргі әлемдегі отбасы құндылықтары”, “Кибербуллинг”, “Есірткіге жол бермеңіз”, “Интернет-алаяқтық”, “Әлеуметтік желілердің жасөспірімге әсері”, “Үйден өз бетінше кету және олардың себептері” тақырыптары аясында түсіндіру жұмыстары кешенді түрде жүргізіледі. Балаларға арналып анонимді сауалнама, ата-аналар жиналыстары, “дөңгелек үстелдер” өткізіледі. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар 265 дәріс оқып, онлайн кездесулер өткізді.
Ата-ана, мектеп және инспекция қызметкерлері күш біріктіретін болса, баланың тәрбиелі болып өсіп, толыққанды азамат ретінде қалыптасары анық. Ең бастысы, тәжірибе көрсеткендей кәмелетке толмағандардың мінез-құлқындағы, жүріс-тұрысындағы өзгерісті дер кезінде анықтап, тиісті шараларды қолдану арқылы қылмыстар мен келеңсіз жайттардың алдын алу өте маңызды.
Әлібек ҒАБДУЛЛИН,
Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары.