«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құжаттарды апостильдеу

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Білім беру ұйымдарынан шыға­тын ресми құжаттарды апостильдеу, яғни заңдастыру мемлекеттік қызмет көрсету түріне жатады. Былтыр 103, биыл 40 құжат куәландырылып, түпнұсқалығын растайтын арнайы мөртаңба – апостиль қойылды. Білім және ғылым министрінің бұйрығымен “Білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу” мемлекеттік қызмет қағидалары бекітілгеніне, тиісті ақпараттар интернет-ресурста орналастырылғанына қарамастан заңнамаға сәйкес рәсімделмейтін, белгіленген тәртіп шарттары сақталмайтын жайттар ұшырасып қалады. Сондықтан ресми құжаттарды заңдастырудың кейбір жолдарына тоқтала кеткенді жөн көрдік.

1961 жылғы 5 қазандағы Гаага Конвенциясына сәйкес, басқа бір мемлекеттің аумағында пайдалануға арналған, белгілі бір мемлекеттің өкілетті органдары берген құжаттарға арнайы мөртабан (апостиль) қойылады. Апос­тильдеудің тиімді жақтары көп. Құжат дайындаған ел Гаага конвенциясына қатыспаса, оны консульдық рәсімдеуі қажет. Бұл – өте күрделі үрдіс. Және де бұл жерде құжат консулдық белгісі бар мемлекеттің аумағында ғана заңды күшке ие. Сондықтан оны “жеңілдетіл­ген заңдастыру” деп те атайды. Конвенцияның 5-бабына сәйкес апостиль қолдардың түпнұсқалылығын, құжатқа қол қойған адамның кiм екендiгiн және тиiстi жағдайларда бұл құжат бекiтiлген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын куәландырады.

Үкіметтің 2001 жылғы 24 сәуірдегі қаулысына орай апостиль қою бойынша өкілеттікке мемлекеттік орган ретінде Білім және ғылым министрлігі де белгіленген. Бұл қызмет еліміз аумағында білім туралы құжаттар алған және Гаага Конвенциясына қатысушы мемлекеттерге шығатын адамдарға көрсетіледі. Өтінішті қабылдау “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” АҚ-ы филиалдарының халыққа қызмет көрсету орталықтары және электронды үкіметтің www.egov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – 15 күн. Жеке тұлғаларға ақылы негізде көрсетіледі. Ол үшін баж салығы алынады, ол салық заң­намасына сәйкес 0,5 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Былтыр оның мөлшері 1389 теңге болды.

Құжат ұсынушылар апостиль­дің мә­тіні қандай деректемелерден тұратынын нақты білмегендік­тен, шатастырып жатады. Олар мыналар: апостиль берген мемлекеттің атауы, құжатқа қол қойған тұлғаның тегі, лауазымы, құжатты мөрмен/мөртабанмен бекіткен мекеменің атауы, қаланың атауы, органның атауы, нөмірі, мекеменің мөрі/мөртабаны, лауазымды тұлғаның қолы. Апостиль Конвенцияның ресми тілдерінің (француз немесе ағылшын) біреуінде, сондай-ақ апостиль қойған мемлекеттің ұлттық тілінде қойылуы мүмкін. Көп жағдайда апостильде екі тіл қосарланып беріледі.

Бұл қызметті біздің департа­мент 2017 жылдың маусым айынан бері көрсетіп келеді. Осы уақытқа дейін білім туралы жалған құжаттар анықталған жоқ.

Динара ЖҮНІСОВА,

білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp