«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІ ЖҰРТТЫҢ ТІЛІН БІЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ана тілін құрметтей отырып, өзге тілді де меңгеру, яғни полиглот болу – бүгінгі өмір талабы. Елімізде “Тілдердің үштұғырлығы” мәдени жобасы кезең-кезеңмен жүзеге асыры­­лып келеді. Елбасы ұсынған идея қарапайым әрі түсінікті: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз, ағылшын тілін үйренеміз.

Ағылшын тілі озық технологиялар­ға қол жеткізудің бір кілті десек, қателесе қоймаспыз. Тілдерді оқыту орталығы ересек адамдарды қазақ және ағылшын тілдеріне ақысыз оқытатын өңірде­гі жалғыз мемлекеттік мекеме саналады. Ол арқылы жыл сайын екі жарым мыңға жуық тіл үйренуші, оның ішінде үш жүзден астамы ағылшын тілін beginner, elementary, preintermediate деңгейлері бойынша меңгереді. Тілді игеру сапасы оқулықтан гөрі оқытушыға, оның оқытудағы ұстанымына, оқыту әдістемесі­не, кәсіби шеберлігіне, тіл үйренушілермен қарым-қатынасына байланысты екені белгілі. Ә де­геннен жеңіл әдіс-тәсілдермен қызықтырып, тілдік қиындықтарды еңсеру арқылы өзгеше бір әлемнің есігін айқара ашып бере алған оқытушы ғана нағыз ұстаз бола алады. Мұның өзі үлкен шығармашылық әлеуетті қажет етері анық. Орталықтағы оқытушылар арасында өзіне деген талапшылдығымен, инновациялық ізденісімен көп құрметіне бөленген Бейнегүл Бекболатова Бескөл ауылында ағылшын тілі­нен сабақ береді.

Өзгелерді білім нәрімен сусындатып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы жанның еңбек өтілі – 20 жыл. Бейнегүл Ермекқызы осы­дан екі жыл бұрын Эрин ағылшын мектебінде 3 айлық, со­сын АҚШ-тың Бозмен, Монтана қалаларында 6 апталық біліктілікті көтеру курстарында ағылшын тілінен сабақ беріп, үлкен сынақтан өтті. Былтыр Мэриленд, Балтимор университеттерінің 8 апталық онлайн курстарын аяқтады. Халықаралық конференцияларда өз тәжірибесімен бөлісіп, баяндамалар жасады. Биыл АҚШ елшілігімен “TESOL 2021 International Convention and English Language Expo” халық­аралық конференциясына қатысуға мүмкіндік алды. Орта Азия конференциясында баяндама жасауға Қазақстаннан 5 адамның бірі болып іріктелді. Біліктілігін көтерумен қатар талапшыл ұстаз ғылыми-әдістемелік қызмет­пен де айналысып жүр. Жуырда ағылшын тілінен қорытынды аттестациялауға дайындау әдістемелік құралының авторы атанды. Еңбегі еленіп, облыс­тық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, АҚШ-та өткен мұғалімдердің біліктілігін көтеру бағдарламасына қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Еліміз бәсекеге қабілетті озық мемлекеттер қатарынан көріну үшін ағылшын тілін жетік меңгерген азаматтар санының көп болғаны еш артықтық етпейді. Солардың қатарында Бейнегүл Ермекқызының жүргенін мақтан етеміз.

Орал ЖАНАТОВ,

облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp