Бір кездері Мамлют ауданындағы Бостандық мектебінде оқушылар саны азайып кетіп, ауыл жабылып қала ма деген үрей болғаны рас. Қазір жағдай мүлдем өзгеше. Жергілікті тұрғындар шетелден көшіп келген ағайындарымызды, еліміздің әр түкпірінен қоныс аударған қандастарымызды, өзге этнос өкілдерін жатсынбай құшағына басты. Өзара түсіністіктің арқасында ауыл қайта гүлдей бастады.
Қытайдан көшіп келген қандастарымыз бен оңтүстіктен қоныс аударған дүнген ұлтының өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті тұрып жатыр. Люба, Чир, Аният, Машанло, Нұрмұхан, Түктібаев, Оспанов әулеттері жақын туыстай болып кетті. Қоныстанушылардың алды осыдан 5 жыл бұрын көшіп келді. Қазір келем деушілерге де баспаналар дайын. Балабақшаға баратын бүлдіршіндерден бастап, мектепте оқитын балаларға дейін өте зерек. Мектепішілік, аудандық сайыстарға белсенді түрде қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Бастапқы кезде тілдік кедергілер болғаны рас. Өзге ұлт өкілдеріне қазақша сөйлеу, түсіну қиын тиді. Бірақ ұстаздардың талмай жұмыс істеуінің арқасында өз ана тілдеріндей еркін меңгеріп алды.
Садыржан Бақжол үш тілде еркін сөйлейді. Садыржан Айша екінші сыныптың үздік оқушысы. 4 жастағы Садыржан Ханна да өте алғыр. Балабақша тәрбиеленушісі Люва Аделя, мектепалды даярлық тобындағы егіздер Люва Абдурахим мен Люва Абдурахман да байқаулардан қалмайды. 7-сынып оқушысы Чир Расул “Мен қазақпын” деп ән шырқаса, 3-сыныпта оқитын қарындасы Чир Раяна үздік оқушы. Чир Равиль мен Айнаева Алия да қатарларының алды.
Мектеп ұжымы жас мамандармен толығуда. “Серпін” бағдарламасы аясында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін информатика мамандығы бойынша бітірген Махамбет Алдаберген былтыр қатарымызды толықтырды. Биыл Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж түлегі Гүлнәр Жеңісқызы мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі болып орналасты. Өзімен бірге үш бауырын ерте келді.
Бостандық мектебінің мұғалімдері мен оқушылары аудан бойынша “Менің туым – менің Отаным” атты челленджге бастамашы болып, рухымыз бір көтеріліп қалды. Басқа да атқарылып жатқан іс-шаралар өскелең ұрпақ бойында отаншылдық, елді, жерді сүю, қастерлеу сезімін қалыптастыруға бағытталған.
Гүлжайна ПІРІМБЕТОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Мамлют ауданы.