Солтүстік Қазақстан облысында «Nur Otan» партиясы 5,8 мыңға жуық жас маманды жыл сайын жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Nur Otan» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, жастар үшін маңызды шаралар «Жастар – Отанға!» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Өңірлік жоба 2025 жылға дейін шақталған. Бағдарламаны облыс әкімі, филиал төрағасы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшелері бекітті.
СҚО бойынша «Жастар – Отанға!» жастарды қолдау бағдарламасы нақты 5 бағыт бойынша жүзеге асырылады. 5 жыл ішінде кешенді іс-шаралармен 100 мыңға жуық жасты қамту жоспарланған. Өңір бойынша бағдарламаны әзірлеу кезінде 300-ден астам ұсыныс келіп түсті, оның 100-і бағдарламаның өзіне енгізілді.
«Облыста 14-тен 28 жасқа дейінгі жастар саны 98 910 адам, бұл облыс халқының 18,2%. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы студент жастардың саны – 18 224 адам. Жастар үшін бағдарлама аясында 5 бағыт қарастырылған: азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана, сондай-ақ жеке тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін облыстық, қалалық және аудандық жол карталары жеке әзірленді. Өңір бойынша барлығы 775 кешенді іс-шараларды іске асыру жоспары жасалынып, 358 индикатор айқындалды. Облыстық жол картасы 34 нақты индикатордан және 72 кешенді іс-шарадан тұрады», – деді «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы Біржан Құдайбергенов.
Бағдарламаның негізгі бағыты – жұмыспен қамту және жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету. Осылайша, жол картасы шеңберінде жыл сайын кемінде 5,8 мың жасты жұмысқа орналастыру, 1,5 мың жасты өз бизнесін ашу дағдыларына үйрету, «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары аясында 500-ден астам кредит пен грант бөлу жоспарланған. Өнеркәсіпте жаңа кәсіпорындар құру арқылы жас мамандарға жұмыс орындары ұсынылады.
Студент жастарға да ерекше көңіл бөлінеді. Облыстағы жалғыз жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүргізіледі, биыл заманауи технологиялармен және 73 зертханамен жабдықталған оқу-зертханалық корпустың құрылысы аяқталады. ЖОО студенттері үшін 500 орындық 2 жаңа студенттік үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, қала колледждерінің оқушылары үшін 488 орындық тағы 2 жатақхана құрылысы басталды.
«2017 жылмен салыстырғанда облыстан мектептері түлектерінің кетуі 30-дан 12% дейін төмендеді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы біз ауылдарда мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешуді жоспарладық. Сондай-ақ, «Серпін-2050» бағдарламасы жүзеге асырылып, 2014 жылдан бастап осы бағдарлама бойынша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазакстан университетіне 1546 адам келіп оқуға түсті. Облыста жастардың 30 %-дан астамы дене шынықтырумен және бұқаралық спорт түрімен айналысады. Сондай-ақ, спортшы жастарымызға 3 мың орындық үлкен спорт сарайын салу арқылы қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, спорттық нысандар мен құрылыстар салу жоспарланып отыр, соның арқасында жастардың бұқаралық спортпен қамтылуы 45% дейін жетеді», – деді партияның өңірлік филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов.
https://www.inform.kz/