Солтүстік Қазақстан облысында Қызылжар ауданының тұрғынынан 5 кг жуық марихуана табылып, тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданының 40 жастағы тұрғыны Петропавл қаласына келген. Полицейлер оның «Subaru Legacy» автокөлігінің жүксалғышынан өзіне тән ерекше иісі бар өсімдіктектес зат салынған, скотчпен оралған полимерлі пакетті тапты. Сараптама қорытындысына сәйкес, ол 4 кг 960 гр кептірілген марихуана екені анықталды. Бұл – аса ірі көлемге жатады.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Қазіргі уақытта оның есірткі сатуға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Ұсталған адамның аудан орталығы Бескөлдегі үйін тексерген кезде өсімдіктектес зат оралған екі полимерлі пакет пен таразы табылды. Алынған заттар сот-химиялық сараптамаға жіберілді. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды», – дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.
Күдікті аса ірі көлемде есірткіні өзі үшін ұстаса 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады, сату мақсатында сақтаған болса, 20 жылға дейін сотталады.
Жыл басынан бері СҚО-да полицейлер есірткіні заңсыз сатумен байланысты 10 күдіктіге қатысты 13 қылмыстық істі сотқа жіберді. 16 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
https://www.inform.kz/