Шал ақын ауданындағы 43 елді мекеннің тек бесеуі ғана орталық ауызсу құбырына қосылған, 9 ауылда локалдық құдық орнатылған, ал қалғандары жер асты суын пайдаланып отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте аудан әкімі Рахат Смағұлов осы және өзге де мәселелерді шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.
Қазіргі күні аудандағы 16 ауылды орталықтандырылған су торабына қосу туралы 3 жобалық-сметалық құжат әзірленді. Бірлік, Кеңес, Жаңажол мен Жаңаталап ауылдарына су тартылады. Бұған қоса 2022 жылы Сергеевка қаласындағы 12 көпқабатты үй мен 5 мекеменің ғимаратына жылу беретін қазандық салынады.
Ауданның даму қарқыны жаман емес. Былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция 21 пайызға өскен. Ең бастысы, тұрғын үй құрылысы 4 есеге артыпты. Түскен салық көлемі ұлғайып, 2020 жылмен салыстырғанда жалақы 134607 теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің жалақысы 19 пайызға өсіп, 131 мың теңге болды. Білім беру саласында 32,2 пайызға, денсаулық сақтау мекемесі қызметкерлерінікі 33,1 пайызға ұлғайды.
– 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашығы өнімдерінің көлемі 42 миллиард теңгеге жетті, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 миллиардқа көп. Аудан экономикасының өзегі аграрлық сала болғандықтан, техниканы жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Соңғы жылдары 257 трактор-комбайн алынды, оның 22-сі биыл әкелінді, – деді аудан басшысы.
Ауданда соңғы жылдары мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бір кездері мыңғырған қой мен сиыр өсірген ауылдарда тігерге тұяқ қалмаған жағдайлар да кездесті. Сондықтан осы салаға басымдық берілуде. Қазіргі күні Шал ақын ауданында асыл тұқымды мал өсіретін 4 репродуктор бар.
– Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша ауданда 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осының арқасында ауылдарда 212 жұмыс орны ашылады. Бұл жобаларды іске қосу арқылы 9 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылады. Қазіргі күні 4 ферманың құрылысы жүріп жатыр. Кривощеково ауылында 1200, Крещенка мен Көктеректе 500, Сергеевка қаласында 400 малға арналған тауарлы-сүт фермалары тұрғызылып жатыр, – деді Рахат Смағұлов.
Аудан әкімінің айтуынша, өңдеу саласы бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда. Ет-сүт және майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындар салынып, қосымша жұмыс орындары пайда болмақ. Жалпы ауданда 863 бизнес субьектісі тіркелген. Бұл салада 2 жарым мыңнан астам адам еңбек етіп жүр.
Аудандағы жолдардың ұзындығы 557 шақырымнан асады. Оның 297 шақырымы жергілікті жол,соның тек 63 пайызығы ғана қанағаттанарлық жағдайда.
– Тұрғындар жол мәселесін есептік кездесулер барысында жиі көтереді. Су торабынан бастап, Тимирязев ауданының шекарасына дейінгі аралыққа асфальт төсеуге 2,1 миллирд теңге бөлінді. Сергеевка-Кривощеково аралығында жолдарды тегістеу жұмыстары да биыл басталады. Сондай-ақ Сергеевка қаласындағы 4 көшенің жолы жөнделеді, – деді аудан әкімі.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.